Түркістан: қызылша ауруына қарсы штаб отырысы өтті

Түркістан облысында қызылша аурушаңдығының эпидемиологиялық жағдайына қатысты штаб отырысы өтті. Штаб төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев соңғы мәлімет бойынша баяндама жасап, тиісті сала басшыларына тапсырма берді.

– Бүгінгі күні елімізде қызылша ауруы өршіп тұр. Соның ішінде Түркістан облысында да тіркеліп жатыр. Облыс бойынша жыл басынан күдікті 3647 жағдай тіркеліп, оның ішінде 2335 (64%)  науқасқа аталған диагноз қойылған. Зертханалық дәлелденген 2335 жағдайдың ішінде 18 жасқа дейінгі 2040 жағдай тіркелген. Оның алдын алудың ең тиімді жолы вакцинациялау болғандықтан, елімізде осы індетке қарсы тәуекел топтарын жаппай вакцинациялау өткен жылдың қараша айында басталғаны барлығыңызға белгілі. Осыған байланысты облыс деңгейінде қызылша аурушаңдығының жағдайын талдап қана қоймай, нақты әрекетке көшіп, алдын алуға шақырамын, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Жиынның күн тәртібіне сәйкес облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев пен Түркістан облысы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов баяндама жасады. Стационарда қызылшамен ауырып жатқан балалар саны – 2461. Ал Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес басталған қосымша жаппай иммундау науқанында жалпы екпе алғандар саны – 158 753. Түркістан облысында медициналық ұйымдарда жұқпалы ауруларға арналған төсек-орын саны 1032-ге жетіп отыр.

Жалпы өңірде қызылша ауруының таралуына жол бермеу мақсатында эпидемиологиялық маусым кезеңінде халыққа медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын жақсарту мақсатымен медициналық ұйымдар арасында мониторинг жүргізілді. Емханалар, дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік акушерлік пункт, қойма деңгейінде тиісті медицина ұйымдарының мамандарымен бірлесе зерделеніп, анықталған кемшіліктер түсіндірілді. Қазіргі таңда түзету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мониторинг нәтижесі облыстық денсаулық сақтау басқарма басшысының төрағалығымен және медицина ұйымдарының басшыларының қатысуымен талқыланып, шұғыл түрде кемшіліктерді жою жұмыстары жүруде.

Қазіргі таңда облыстың медицина ұйымдарының әлеуметтік желілерінде  кеңінен ағарту жұмыстары жүргізілуде. Медициналық ұйымдарының жауапты мамандары – инфекционист, иммунолог, эпидемиолог, педиатр дәрігерлерінің қатысуымен облыстық және  жергілікті  телеарналарда, БАҚ беттерінде түсіндіру жұмыстары атқарылуда.

ПІКІР ЖАЗУ