Түркістан: Кентаулық түлектер мектепке спорт алаңшасын салып берді

Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов қалаға қарасты Хантағы аулындағы №6 А.С.Пушкин атындағы жалпы орта мектебінде өткен салтанатты жиынға қатысты.

Қала әкімі педагогикалық ұжымды, оқушылар мен олардың ата-аналарын құттықтап, үлкен өмірге қадам басқалы тұрған барлық кентаулық түлектерге жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ еңбегі еселі бірқатар ұстаздарды «Қалаға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен және «Алғыс хатпен» марапаттады.

Шара барысында мектеп бітіруші түлектер мектеп вальсін орындап, әсем әуендерін шырқады. Салтанатты жиында  «Алтын белгі» үміткері, Назарбаев университетіне шақырту алған Серік Қуаныш пен бастауыш сынып оқушысы Талшын Маккамбай соңғы қоңырауды соқты.

Жиын соңында қала әкімі мектеп бітіргендеріне 20 жыл толған түлектердің мектепке тарту ретінде салып берген спорт алаңшасының ашылуына қатысты. Одан бөлек, білім ордасының ішіне рәміздер алаңын жасап берген.

Айта кету керек, биыл Кентау қаласында 741-дей оқушы мектеп бітірмек. Олардың 677-ы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш білдірген. Биыл 45 оқушы «Алтын белгіге», 29 оқушы «Үздік аттестаттан» үміткер болып отыр.

ПІКІР ЖАЗУ