Түркістан: Кентауда мәдениет үйі мен ірі кәсіпорынның құрылысы жүріп жатыр

Түркістан облысына қарасты аудан, қалаларда бірқатар әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Соның бірі – Кентау қаласы, Қарнақ ауылындағы 300 орындық мәдениет үйі. Бүгін облыс әкімі Нұралхан Көшеров Кентау қаласына арнайы іссапармен барып, мәдениет үйінің құрылысымен танысты, мердігерлермен жүздесті.

Нысан 300 көрерменге шақталған. Жалпы алаңы 0,7 гектар аумақты құрайды. Бүгінде 2 қабаттан тұратын ғимараттың жарықтандыру жұмыстары қолға алынған. Құрылыс жұмыстарына «РСУ-1» ЖШС мердігер компаниясы жауапты. Биыл нысанның жұмысына 793 млн. тенге қаржы бөлінген. Қазіргі уақытта нысан қабаттарында монолит құю, бетондау жұмыстары аяқталған. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында қолға алынған нысанның құрылысы жыл соңында немесе 2026 жылы аяқталады деп күтіліп отыр.

Өңір басшысы жауапты тұлғаларға құрылыс жұмыстарын сапалы әрі уақытында аяқтауды тапсырды. Жобадағы кемшіліктерді түзеуді міндеттеді.

Аралау барысында облыс әкімі Қарнақ елді мекенінде құрылысы жүріп жатқан «Kaz Real Meat» мал бордақылау алаңына барып, жұмыс барысымен танысты. Бірінші кезеңде 1500 бас ірі қара етін өндіретін кәсіпорында 2-кезеңде қуаттылығын 5 мың басқа жеткізу көзделіп отыр. Мұнда 25 адамдық жұмыс орны құрылады. Жоба құны – 1 млрд. теңге. Бордақылау алаңы 31 гектар аумақта орналасқан. Өнім ішкі нарыққа бағытталады  және шетелге экспортталады деп күтіліп отыр.

Аралау барысында облыс әкіміне Қарнақ ауылында ашылатын шағын өндірістік парктің жобасы да таныстырылды.