Түркістан: Қазығұртта өндірілген ет өнімдеріне республикада сұраныс жоғары

Қазығұрт ауданына жұмыс сапарымен барған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Қарқын-2030» ЖШС-нің жұмысымен танысты. Алдымен кәсіпорын ғимараты ішіне кіріп, шұжық өндіру зауытының жұмыс барысын көрді. Мұнда заманауи технологиямен тәулігіне 30 тонна шұжық өнімдері өндіріледі. Қазіргі таңда зауытта 500 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, олардың орташа айлық жалақысы 100 мың теңгені құрайды. Өнімдер Қазақстанның барлық өңіріне жеткізіліп, ішкі нарықты сапалы әрі отандық тауармен қамтамасыз етіп келеді.
Сапар барысында облыс әкімі мал сою цехының да жұмысымен танысты. Құны 1,1 млрд теңгені құрайтын бұл цехтың жылдық қуаттылығы 60 000 бас малды қамтуға жетеді. Мұнда 10 адам жұмыс істейді.
Облыс басшысына жаңадан салынып жатқан мал бордақылау алаңын салу жобасы да таныстырылды. Жобаның болашақтағы өндірістік мүмкіндіктері мен даму бағыттары туралы баяндалды.
Айта кетейік, 2009 жылы іске қосылған «Қарқын-2030» ЖШС өңірдің ауыл шаруашылығы саласын дамытуда маңызды рөл атқарып отыр. Қазығұрт ауданында өндірілген ет өнімдеріне республикада сұраныс өте жоғары.
Облыс әкімі кәсіпорын жұмысына оң бағасын беріп, өңірлік экономиканы әртараптандыру бағытындағы мұндай жобалардың маңыздылығын атап өтті. Жауаптыларға терең өңдеу саласына қатысты жобаларды көбейтуді, экспорттық әлеуетті көтеруді тапсырды.