Түркістан: бүгін қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық мәжіліс өтті

Күн тәртібіне сәйкес, Экономика және қаржы бөлімінің басшысы О.Булегенов – қараша айының қорытындысымен бюджеттің игерілуі, индикаторлардың орындалуы; қалалық кірістер басқармасының басшысы Ш.Жаңбырбаев салық түсімдері туралы баяндады.

Қалалық емхананың бас дәрігері Р.Тасырбаев өз кезегінде денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелеріне тоқталды. Баяндамашы қазіргі таңда қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундаумен  2445 адам қамтылғанын, оның 1096-сы  6 ай мен 11 ай аралығындағы нәрестелер екенін де атап өтті.

Қалалық білім бөлімінің басшысы О.Колдасова оқушыларды ыстық тамақпен қамту жайын жеткізді. Бүгінде облыс орталығындағы 33 мектепте 1-4 сынып аралығында оқитын 17 118 оқушы 4 ауысымда тамақтанады.

Қала әкімдігінің ұйымдастыру-инспекторлық бөлім тарапынан жүргізілген зерделеу нәтижесінде анықталған кемшіліктерді бас инспектор Е.Төрехан баяндады.

Инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімінің жауаптылары мердігер мекемелердің жолдарды қалпына келтіруі бойынша 14 көшеде жұмыс аяқталғанын, 5 көшеде жұмыстың әлі де жалғасып жатқанын жеткізді. Шаһар басшысы барлық кемшіліктерді бақылауға қойып, тірліктерді шұғыл тиянақтауды ескертті, ұйымдастыру-инспекторлық бөлімге орындалуын тексеруді тапсырды.

Түркістан ҚПБ басшысының бірінші орынбасары Н. Мұратовтың мәлімдеуінше жыл басынан бері белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастаған 4068 құқық бұзушылық дерек тіркелген, кінәлі тұлғалар Әкімшілік кодекстің 434-2 бабында көзделген талаптар бойынша жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ, қала аумағында абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін 1248 тұлғаға Әкімшілік кодекстің 505 бабымен шара көрілген. Патрульдік полиция батальоны қызметкерлерімен өткен рейдтік іс-шара барысында көшелерді ластаған 255 жүк көлігі анықталып, жүргізушілерге қатысты Әкімшілік кодекстің 630 бабымен хаттама толтырылған.

 Мәжіліс барысында Құжаттандыруды қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Б.Сүлейменованың – облыс және қала әкімінің хаттамалық тапсырмаларының, Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің басшысы М.Байғұттың қала әкімінің жеке қабылдауда берген тапсырмаларының орындалуы жөніндегі есептері де қаралды.

 Нұрбол Әбдісаттарұлы:

– Кемшіліктерді менен жасырғанымен елден жасыра алмайсыздар. Оларды жасырумен айналыспаңыздар, түзетіп, қайта жол берілмеуіне күш салыңыздар. Жұмыстың сапасы маңызды. Абыройға жұмыс істейік, құрметті әріптестер, – дей келе бірқатар тапсырмалар белгілеп, мәжілісті қортындылады.

ПІКІР ЖАЗУ