Түлкібас: “Түркістан таланттары” жобасы ауылдағы өркендеп келе жатқан балалардың да өлеңге деген сезімін оятуда

 Кеше Бейсен Тәжібаев ұйытқы болған, Zhanat апай мен Айдар ағай бас болған “Түркістан таланттары” жобасының кестесіне сәйкес, Түлкібас ауданына барып, “кіп-кішкентай” болып төрге шығып, өлең оқып, армансыз еркелеп қайттық.

Алдымызда отырған ардаргерлер кеңесі, әжелер алқасының мүшелері, мектептегі қадірлі ұстаздарымды көріп, төрге шығып алғанымыз үшін ыңғайсыз бір сезім кештік. Қазақ қызын қашан да төрге шығарғаны еске түсіп, өзімізге келдік әуелі.

Түлкібас аудандық кітапханасы, қыздың жиған жүгіндей етіп, сондай бір әдемі шара ұйымдастырыпты. Кеш біздікі болғанмен, біз ештеңе істемедік.

Аталған жобаның ұтқан тұсы – залға жиналған көпшілік, ұйымдастырушыладың көзін ала бере шығып кетіп жатпады. Оқушылар да, ата-әжелер де соңына дейін отырып, баталарын беріп кетті.

Аудан әкімінің орынбасары да соңына дейін тапжылмай отырып, кеш соңында бәрімізге шапан жапқан кезде, “ақыны әкімінің есігінен аттай алмай кеткен” кешегі замандардың өшін алғандай, көңіліміз елең-алаң болып қалды. Біз бұл құрметтің бәріне лайық екенбіз дегенім емес. Дегенмен туған топырақ артқан үміт, тұғырымыздан түспеуге үлкен бір медет болатынын білемін.

Осы жерде ұстазым Сергазы ағай айтпақшы, шара барысында Мархабат атамыздың әруағы қолдап жүргенін сезіндік. Атаның сүйегін жерге қойған күні, атаның туған жерінде біз атаны еске ала отырып, әдебиет туралы, мәдениет туралы, өнер мен өлең туралы, сезім туралы әңгіме қозғадық. Кештің әлқиссасы да Мархабат атаның сөзіне жазылған “Түлкібас” әнімен бастау алды.

Ата туралы әңгіме қозғала қалған тұста, залда отырғандардың бәрі терең бір күрсініп алады да, жалғай түс дегендей, айтушының аузына телміреді. Солай бойымызды бір қуаныш, бір сағыныш кернеп, кештің қалай аяқталғанын түсінбей қалдық.

Мені қуантқаны өлең оқитын, өлең жазатын балалар баршылық екен. “Сіздердің ізбасарларыңыз боламыз” деп балаң мұрты тебендеп келе жатқан бозбалалар келіп қолымызды алып жатқанда, өзімнің оқушы кездерім еске түсіп көңілім елжіреп кетті.

Түйін. “Түркістан таланттары” жобасы облыс қаламгерлерін ауыл жұртшылығына таныстырып қана қоймай, ауылдағы өркендеп келе жатқан балалардың да өлеңге деген сезімін оятуға себеп екен. Сондықтан жобаның жалғасын тапқанын тілей отыра, ұйымдастырған, басы-қасында жүрген, қолдау білдірген әр азаматқа алғыс айтамыз!

ПІКІР ЖАЗУ