Түлкібас: бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту басты назарда

Өздеріңізге белгілі ауданымызда проблемалық мәселелердің көбісінің шешілуі тікелей қаржыға келіп тіреледі. Ал, түйіткілді мәселелерге қаржы бөліп, қарастыру бюжеттің шама-шарқына тікелей байланысты.

Осы ретте, бүгін аудан әкімі Нұржан Ізтілеуовтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында күн тәртібіндегі басты мәселенің бірі бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту болды.

Жыл басынан бері ауданымызға ірі кәсіпкерлік субъектілерін тіркету бойынша тиісті жұмыстар атқарылып, нәтижесінде 6 заңды тұлға тіркеліп, олардан 42 млн.теңгеге жуық салық аудандық қазынаға жыл соңынан дейін түседі деп күтілуде.

Жиында аудан басшысы аудандық кірістер басқармасы басшысының орынбасары Н.Елшібаевтың баяндамасын саралай келе, ауданға заңды тұлғаларды тарту бағытындағы жұмыстарды ауыл әкімдіктерімен бірге барынша жандандыруды тапсырып, көлік және басқа да салық берешектерін өндіру бойынша жұмысты қарқындатуды жүктеді.

Айта кетейік, бүгінде ауданымызда 869 азамат көлік салығын төлеуден жалтарынып жүр. Олардың берешегі 29 млн.теңгеден асып жығылады.

Сонымен қатар, Нұржан Жақсылықұлы бүгінде заңсыз алкогольдік ішімдіктерді сатып жүрген кәсіпкерлерді анықтау жұмыстарын күшейту керектігін ескертіп, бұл бағытта да рейдтік шараларды тоқтатпау керектігін атап өтті.

Бүгінде ауданымызда орын алып жатқан қылмыстың басым бөлігі осы алкогольді ішімдіктің салдарынан болып жатқанын тілге тиек етті.

Бұдан бөлек лездемелік жиында «Ауыл аманаты» бағдарламасының жүзеге асу барысы және индикаторлық көрсеткіштердің орындалуы қаралды.

Кездесуді қорытындылай келе аудан әкімі индикаторлық көрсеткіштерді төмен денгейде орындаған басшыларды сынға алып, орындау бойынша жоспар әзірлеуді тапсырып, мерзім белгіледі.

Ал, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша тиісті ауыл әкімдеріне облыстың тиісті басқарамасының тапсырмасына сәйкес өсімдік, балық шаруашылығы бағытындағы жобаларды дамыту керектігін ескертіп, жеңілдетілген несие алған азаматтармен қаржыны белгіленген бағытта жұмсау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу керектігін атап өтті.

ПІКІР ЖАЗУ