Түлкібас ауданында жаңа мектеп бой көтеруде

Келесі жаңа оқу жылында Майлыкент ауылдық округіне қарасты Бақыбек елді мекені мен 1-ші мөлтек ауданының балалары білім алу үшін аудан орталығына сандалмай, сол маңда бой көтеріп жатқан 300 орындық Бақыбек жалпы орта мектебінен білім алатын болады.

Бұлай дейтініміз, биыл Бақыбек елді мекенінің шекарасы кеңейіп, ол жерде 300 орындық мектептің құрлысы жүруде.

Аталған нысанға аудан басшысы Нұржан Ізтілеуов арнайы барып, құрылыс барысын бақылады.

Ғимараттың бүгінгі таңда қабырғасын қалау жұмыстарының 90 пайызға жуығы аяқталған. Мердігердің айтуынша алдағы 2 аптаның ішінде шатырын жабу жұмыстарына кіріспек.

Аудан басшысы жауапты мамандар және мердігермен бірге нысанды аралап, сапалы әрі мерзімінде аяқтау бойынша біршама тапсырма жүктеп, мектепке кірер жолының құжаттарын тез арада рәсімдеуді ауыл әкіміне тапсырды.

Содан соң, Нұржан Жақсылықұлы жауапты мамандармен бірге Түлкібас кентінде ағымдағы жөндеуден өтіп жатқан Б.Момышұлы мектебіне табан тіреп, атқарылып жатқан жөндеу жұмыстарының сапасын бақылады.

Мың екі жүзден астам оқушы білім алатын, ауданымыздағы ірі білім ордаларының қатарына кіретін мектеп 2010 жылы пайдалануға берілген.  

Қас беті мен шатырының тозығы жеткен ғимаратқа биылғы жылы ағымдағы жөндеу жүргізілуде. Қазіргі таңда шатырын жабу 70 пайызға, ал қасбетін қаптау жұмыстары 50 пайызға аяқталып отыр. Жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.

Аудан басшысы ғимаратты толық аралап, жұмысты сапалы әрі белгіленген мерзімінде аяқтауды мердігергі тапсырып, жауапты бөлім басшысына бақылауда ұстауды ескертті.

ПІКІР ЖАЗУ