Төмен пайызбен несие алмақ болған астаналық опық жеп қалды

Елордалық полицияға қала тұрғыны алаяқтық жолмен ақшасынан айрылып қалғаны жөнінде шағымданған, деп хабарлайды BAQ.KZ. Күдіктінің “Даму” мемлекеттік бағдарламасы бойынша төмен пайызда кредит рәсімдеуге көмек берем деп сылтауратып, алаяқтық жолмен жәбірленушіден 7 млн теңге ақша алғаны анықталған. 

Жәбірленушінің айтуынша, алаяқ қаланың екі банкіне кредит беру бойынша сұраным берген. Екі банк те кредитті мақұлдаған, алайда алаяқ бір банктің ақшасын жәбірленушіге беріп, екінші банктің ақшасын өзінде қалдырған. Кейін банктен келген кредиттің төлемін көрген жәбірленуші полицияға жүгінген.

“Қылмысты тоқтату” жедел-алдын алу шарасының барысында жедел іздестіру шараларының нәтижесінде Сарыарқа ауданы ПБ-ның қызметкерлері елорда тұрғынының сенімін пайдаланып, оның ақшасын алаяқтық жолмен иемденіп кеткен 37 жастағы әйел адамды анықтап, ұстады. Күдіктінің тағы ұқсас екі эпизодқа қатысы бар екені анықталды, – делінген қалалық ПД хабарламасында. Қазіргі уақытта аталмыш факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Елордалық полиция азаматтарды қырағы болуға және қаржылық ресурстарын бейтаныс адамдарға сенбеуге шақырады.

ПІКІР ЖАЗУ