Төлеби: көтерілген мәселелердің жүзеге асуы – аудан әкімінің жіті бақылауында
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында мемлекеттік институттардың рөлін нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мәселелерін кеңінен сөз етіп, бұл бағытта бірнеше жобалардың жүзеге асуына ұйытқы болды. Жергілікті атқарушы билік өз тарапынан халыққа әлеуметтік қолдау көрсетуге, оларды толғандырып жүрген басқа да мәселелерге ерекше көңіл бөліп келеді. Нәтижесінде, ауданда көптеген түйіткілді мәселелер шешімін тауып, халықтың жайлы өмір сүруіне мүмкіндіктер жасалуда. Дегенмен, өмір ағымымен күнделікті туындайтын проблемалар жайында хабардар болып, оның шешу жолдарын қарастыру бағытында аудан әкімі Төлеген Телғараев үнемі халықпен кездесуде.
Бүгін, аудан басшысы Төлеген Тұртайұлы жұмыс кестесіне сай, тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға келген азаматтардың басым бөлігі жекеменшігіндегі жердің нысаналы мақсатын өзгертіп беруді өтініп, ағын су, электр жарығы, ауыз су мәселелерін көтерді.
Ленгір қаласының тұрғыны Г.Байзақова бастаған бір топ азаматтар мектептердегі күзет, қауіпсіздік және күзетшілердің жалақысының талапқа сай болмауын сөз етіп, аталған мәселені шешуге ықпал етуді сұранды. Аудан әкімі Заңға енгізілген өзгеріске сай, балалардың қауіпсіздігін қамту мақсатында білім ошақтарына бейнекамералар, дабыл кнопкасы және мамандандырылған күзет қызметі қойылғанын айтты. Сондай-ақ, білім бөлімі Күзет қызметін таңдап, олар күзетшілердің жалақысын бекітетіндігін түсіндірді. Жалақы мөлшері келісім-шартта көрсетіліп, ол ең төменгі жалақыдан кем болуы қажеттігін, көтерілген мәселе Түркістан облыстық Еңбек инспекциясы мен облыстық білім басқармасына жеткізілетіндігін айтты.
Біркөлік елді мекенінің тұрғыны Б.Оразқұлов өз меншігіндегі жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту бойынша құқық қорғау органдарына шағымданғанын, бұл бойынша соттың шешімі шығатынын айтып, мәселені шешуге көмек сұрады. Аудан басшысы мәселені зерделеп, аталған бағытта жұмыс жүргізілетінін жеткізді.
Ұзынарық елді мекенінің тұрғыны Ұ.Жұмадилов ауылға ағын су Жаңғақты бұлағынан келетінін, жаздың аптап ыстықтарында тіршілік нәрінің мөлшері азайып кететіндігін айтып, оның шешу үшін каналға үлкен құбырлар жүргізуді өтінді. Аудан әкімі мәселе шешімін табатынын, қажетті құбырларға арнайы қаржы қарастыру үшін бюджеттік комиссияға ұсынылатынын түсіндірді.
Шымкент қаласының тұрғыны Д.Байуазакова Бірінші Мамыр елді мекені аумағынан 2010 жылы тұрғын үй құрылысы үшін арнайы жер телімін алғанын, сол кездегі ауылдық округі әкімінің шешімінің 2 жыл уақыт берілгенін, ол аумаққа баратын жол болмауына байланысты ешқандай құрылыс жүргізе алмағандығын айтты. Аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы ауылдық округ әкімінің сол кездегі шешімнің күшінің жойылғанына 10 жылдан астам уақыт өткенін, қазіргі кезде учаскеге меншік иесін анықтау үшін тек сотқа жүгіну керектігін түсіндірді.
Қарауылтөбе елді мекенінің тұрғыны И.Абдуллаев жекеменшігіндегі 6 га жердің нысаналы мақсатын өзгертіп, ауыл шаруашылық саласына қатысты кәсіп түрін жүргізуді көздегенін айтып, аталған мәселені шешу жолдарын сұрастырды. Аудан басшысы кәсіпкерге заң аясында қолдау көрсетілетінін айтып, бұл салаға жауапты мамандар кеңес берді.
Ленгір қаласының тұрғыны Ұ.Исахов Киелітас ауылдық округінде орналасқан құс фабрикасына ауыз су жеткізу мәселесін сөз етті. Аудан әкімі аталған мәселенің шешу жолдарын түсіндіріп, сала басшыларына орындау мерзімін көрсете отырып, нақты тапсырмалар жүктеді.
Алғабас елді мекенінің тұрғыны Б.Джимбаев ауыл халқының саны артқанымен тұрғын үй салатын жер жоқтығын айтып, елді мекеннің бас жоспарына өзгеріс енгізіп, жаңа массивке арнайы жер қарастыруды өтінді. Аудан басшысы аталған мәселе жер комиссиясында қаралғанын, бас жоспарға өзгеріс енгізу үшін арнайы қаржы бөлінгенін, ендігі кезекте жер белгілеп, оны бекіту жұмыстары жүргізілетінін түсіндірді.
Ленгір қаласының тұрғыны Авангард Мәлікқызы Алатау мөлтек ауданында электр жарығы жиі сөніп қалатындығын айтып, мәселені шешуді сұранды. Аудан басшысы мөлтек аудандардағы электр тапшылығы мәселесін түбегейлі шешу бағытында 2 123,0 млн теңгеге Ленгір қаласында 110 кВ ӘЖ бар ҚС-110/10 кВ электр станциясының құрылысы аяқталуда екенін, жоба аясында жалпы – 9720 халық сапалы электр қуатымен қамтылатынын жеткізді.
Қорған ауылының тұрғыны М.Пардабеков бастаған бір топ азаматтар жайылымдық жер, ауыз су, электр жарығы, ағын суға қатысты туындаған проблемаларды айтты. Аудан басшысы сала мамандарымен бірге аталған мәселелердің шешу жолдарын талқылап, нақты тапсырмалар берді.
Еркін форматтағы ашық пікір алмасу арқылы өткен жеке қабылдауда көтерілген мәселелер бойынша хаттама түзіліп, орындалу барысы аудан әкімі Төлеген Тұртайұлының жіті бақылауында болады.