Теңге қашан нығаяды? – Эконимист доллар бағамына қатысты болжам жасады

Қаржыгер Расул Рысмамбетовтың айтуынша, Қазақстан экономикасы шикізаттық тәуелділіктен арылып, нақты әртараптандыруды жүзеге асырмайынша, ұлттық валюта нығая алмайды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Қазір доллар жаһандық деңгейде аздап әлсіреуі мүмкін, өйткені Трамп Федералдық резерв жүйесінің пайыздық мөлшерлемесін төмендетуді қалайды. Бұл долларды әлем бойынша арзандатады. Бірақ, сонымен қатар теңге де әлсірейді, себебі Қазақстан әлі де шикізатқа тәуелді экономика болып отыр, – деді Рысмамбетов.
Маманның айтуынша, нақты курсқа болжам жасау мүмкін емес, бәрі мұнай бағасына байланысты.
Диверсификацияланбаған экономикада, шамамен алдағы бес жылдай, елеулі және жақсы деңгейдегі әртараптандыруға жетпейінше, бәрібір шикізатқа тәуелділік теңгеге қатты әсер ететін болады. Мысалы, егер мұнай бағасы түссе – теңгенің әлсіреуі сөзсіз, әрі қарай да сол тізбекпен кетеді. Сондықтан жалпы менің көзқарасым: ұзақ мерзімдік, стратегиялық тұрғыдан алғанда, экономика диверсификацияланбайынша, теңге бағамын ұстап тұру бізге қиын болады. Біздің қолымызда көп құрал жоқ. Ұлттық қор, теңгедегі активтер бойынша жоғары базалық мөлшерлеме және теңге бағамын ұстап тұруға бағытталған кейбір реттеушілік шектеулер бар, – деді экономист.
Оның айтуынша, өз шикізатымыздан дайын өнім шығара бастаған кезде ғана теңге тәуелсіз әрі тұрақты болады. Маман теңгенің әлсіреуі мен инфляция жағдайында несиелердің уақытша тиімді көрінуі мүмкін екенін, бірақ ұзақ мерзімде тәуекелдердің жоғары болатынын айтты.




