“Телефоныңыз 30 күннен кейін бұғатталады”: IMEI-кодты қалай тіркейміз

Қазақстандықтарға смартфонын тіркеуге қатысты SMS-хабарламалар келе бастады. Хабарламада телефонды верификациялауға 30 күн уақыт берілетіні ескертіледі. Осы уақыт аралығында телефон “сұр тізімде” болады. Кейін оны тіркеген соң ол “ақ тізімге”, ал берілген уақыт ішінде тіркеп үлгермесе, “қара тізімге” еніп, құрылғы бұғатталады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Осы сұрақтың мән-жайын білу үшін редакциямыз Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне ресми сауал жолдады.
Биыл 24 наурызда Қазақстанда енгізілген жаңа IMEI верификациясы ережелері осы күннен бастап күшіне енеді. Олар жалғыз тек жаңа, яғни 24 наурыздан кейін елге әкелінген құрылғыларға қатысты. Бұрын әкелінген немесе тіркелген телефондарға қосымша шектеулер қойылмайды – олар автоматты түрде ақ тізімге кіреді және қалыпты жұмыс істейді
Верификация – бұл телефонның IMEI кодын автоматты түрде тексеру процесі. Тексеру халықаралық GSMA базасымен және Қазақстанның мемлекеттік органдарымен (Мемлекеттік кірістер комитеті, ҰҚК) біріктірілген жүйе арқылы жүргізіледі.
IMEI кодты тіркеу не үшін қажет?
Қазақстанда телефондар мен смартфондардың заңсыз әкелінуі мен ұрлығы көптеп кездеседі. Бір құрылғының IMEI кодын бірнеше телефонға қолдану жағдайлары болған. Бұл мемлекетке салық түсімінің азаюына, көлеңкелі нарықтың көбеюіне және абоненттерді қорғаудың әлсіреуіне әкеледі. Сондықтан IMEI кодын тіркеу жүйесі енгізілді. Ол заңсыз құрылғыларды бұғаттап, тек заңды сатып алынған телефондардың ғана байланыс қызметін пайдалануын қамтамасыз етеді.
IMEI код бойынша 3 тізім
- Ақ тізім
- Құрылғы заңды жолмен әкелінген және дұрыс тіркелген.
- Байланыс қызметін еш кедергісіз пайдалана береді.
- Сұр тізім
- Құрылғының мәртебесі күмәнді.
- Оператор иесіне SMS жібереді, 30 күн ішінде арнайы анкетаны толтырып, иелігін растауы керек.
- Уақытында тіркелмесе, телефон бұғатталады.
- Қара тізім
- Ұрланған, қолдан жасалған немесе заңсыз әкелінген телефондар.
- Мұндай құрылғылар бірден байланыстан ажыратылады.
Қалай тіркейміз?
Жаңа құрылғыны сатып алар алдында азаматтар IMEI-кодын kz-imei.kz порталында немесе egov.kz сайтында тексере алады. Бұл – қолдан жасалған немесе ұрланған телефондарды сатып алудың алдын алады. Егер құрылғы “сұр тізімге” түссе, иесі оны 30 күн пайдалана алады. Осы мерзімде байланыс операторлары құрылғыны верификациялау қажеттігі туралы SMS-хабарламалар жібереді.
Шетелде сатып алынған құрылғыны тіркеу кезінде пайдаланушы шекарадан өткен күнін көрсетуі тиіс.
IMEI-кодтың верификациядан өту мәртебесін онлайн режимде kz-imei.kz немесе egov.kz порталдарынан тексере алады.
Телефонды шетелден басқа адамға беру мақсатында әкелген жағдайда да, оны соңғы пайдаланушыға тапсырғанға дейін міндетті түрде верификация жүргізіледі. Бұл рәсімді орындау үшін құрылғының әкелінуінің заңдылығын растайтын құжаттар (кедендік декларация немесе шекарадан өткенін растайтын анықтама) талап етіледі.
Телефонды IMEI коды бойынша верификациялау тәртібі
Алдымен egov.kz порталына немесе kz-imei.kz сайтына кіресіз.
Қандай құжаттар қажет:
- Жеке куәлік (ЖСН міндетті түрде);
- Электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ);
- Телефонның барлық IMEI-кодтары (*#06# теріп немесе қаптамадан көруге болады);
- Қазақстанға заңды кіргізілгенін растайтын құжаттар: кедендік декларация немесе шекарадан өткенін растайтын анықтама.
Сайтқа кіріп, арнайы форманы толтырып, IMEI кодтарын енгізесіз. Содан кейін құжаттарды электронды түрде қоса тіркейсіз.
Ескерту. Егер құрылғыға қатысты ешбір құжат болмаса, тек жеке куәлікпен тіркеу мүмкін емес.Міндетті түрде Қазақстанға заңды кіргізілгенін дәлелдейтін құжат талап етіледі.
Верификациядан өтпеген құрылғылар алдымен 30 күн бойы “сұр тізімде” болады. Егер осы мерзімде тіркеу жүргізілмесе, құрылғы “қара тізімге” енгізіледі. Қара тізімдегі құрылғылар үшін байланыс қызметтері (қоңырау, SMS, мобильді интернет) толық шектеледі, – делінген министрліктің ресми жауабында.
Көмек алу үшін Kz-imei.kz порталындағы техникалық қолдау қызметіне жүгіну қажет. Мәселені сипаттап, скриншоттарды қоса тіркеу керек. Өтініштерді қарастыру 1-ден 5 жұмыс күніне дейін уақыт алады.
Министрлік болашақта қиындық болмас үшін IMEI-і тіркелген және ресми тексерістен өткен телефондарды сатып алуға кеңес береді.