Тәрбие тал бесіктен басталады
Арыс аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы А.Мырзахметова мен «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің психологы А. Үсен жоғарғы сынып оқушылары арасында «Тәрбие тал бесіктен басталады» тақырыбында түсіндіру сабағын өткізді.
Іс-шара барысында балаларға отбасылық-тұрмыстық қатынастардағы зорлық-зомбылықтың алдын алу және олардың заңды құқықтары бойынша түсіндірілді. Полицейлер оқушыларға мұндай жағдайларда олар әрдайым мектеп психологына, сондай-ақ кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторға жүгіне алатындығын еске салды.
Айта кету керек, әр мектепке ювеналды полиция инспекторлары бекітілген, олар жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен оқушылар арасында және оларға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында оқу орындарында күн сайын кезекшілік етеді.
Кездесу соңында полиция қызметкерлері оқушыларды тәртіпті болуға, жақсы оқуға, уақытты тиімді пайдалануға шақырды. Ұстаздар қауымы қонақтарға балаларды құқықтық ақпараттандырғаны үшін алғыстарын білдірді.