Талдықорған вокзалына бардыңыз ба?

 Ертеде іргесі қаланған автобекет Талдықорғанның сәнін бұзып тұр. Бірақ оған қала әкімдігі жауап бермейді. Себебі, нысанның иесі бар. Ал ол жолаушының өтінішіне құлақ аса ма, аспай ма өз еркі, деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.

Автобекеттің өз иесі бар

Талдықорған – жылдан жылға түрленіп келе жатқан қала. Тіпті, соңғы уақытта қала әкімі Ернат Бәзіл келгелі шағын шаһардың шырайы әрлене түсті. Дегенмен, тұрғындар қала басшысына талай жыл тасада қалған автобекетке көңіл бөлуді сұрайды. Неге десеңіз, ескірген ғимаратқа жолаушының көңілі түспейді. Жекеменшік иесі алыс жолға аттанған жолаушыларға қашан жайлы жағдай жасайды? Қаладағы жалғыз автобекет болған соң, тұрғындар амалсыз сол маңды торуылдауға мәжбүр. Біз халықтың тілегін ескере отырып, арнайы барып көзбен көріп қайтқан едік. Қала әкімінің орынбасары Жеңіс Адамбеков нысанның иесі болғандықтан, қолдан келер қайла жоқтығын жеткізді.

Талдықорғандағы автобекет жеке кәсіпкердің иелігіндегі нысан саналады. Оның бүгінгі жай-күйіне толықтай иесі жауапты. Бұған дейін кәсіпкермен жеке кездесу өтіп, өзара келіссөз жүргізген болатынбыз. Аталған нысан мемлекеттік теңгерімде болса деген ұсынысымызды да жеткізгенбіз. Дегенмен меншік иесі нысанды әзірге сататын ниеті жоқтығын жеткізді. Сондықтан өзгені затын қала қарамағында болса да иемдене алмаймыз. Ғимарат жекеменшік болғандықтан оны жөндеуге ешқандай қаржы жұмсау мүмкін емес, дейді қала әкімінің орынбасары Жеңіс Адамбеков.

Иә, заң аясында біреудің меншігіндегі затты тартып ала алмайсыз. Сотқа жүгінсе қиын болады. Әкімдік өз тарапынан ескерту жасағанымен, автобекет басшысы жөндеу жұмыстарын жасай ма, жасамай ма өзі біледі. Бұл жерде толғандыратын мәселе, тұрғындардың тілегі. Бізді де осы түйткілге тоқталтқан сол өтініш еді.

Тәубе,Талдықорған жыл өткен сайын көркейіп, етегін кеңге жайып келе жатқан әсем шаһар. Ел ішіндегі ең бір таза қала десек болады. Осынау табиғаты әсем көрікті мекенге талайдың ықыласы ауып, қоныс аударып, көңілі шалқып жүр. Әйтсе де, кеңес өкіметінің қолтаңбасындай ескі ғимараттар халыққа опа бермейді. Оның үстіне автобекет маңайында небір адамдар жүреді. Түнде маңайлауға қорқамыз. Оның үстіне алыс аймақтарға баратын қарапайым халық газель, автобус секілді көліктерді күтетіндіктен сол маңды жағалауына тура келеді. Әйтпесе талай жылдың жүзі өткен қаусаған ғимарат кімге керек. Табыстың көзі болған соң ешкім айырылғысы келмейдә ғой, – дейді қала тұрғыны Айдарбек Исабергенов.

Шаһарда бой көтерген жаңа ғимараттар мен ағашы жайқалған аллеялар көп. Үлкенді-кішілі саябақтар қала шаттығын шалқытып, шадыман шуағын шартарапқа шашып-ақ тұр. Алайда, осынау шаһардың келбетін бұзып тұрған ескі нысандардың мәселесі неге шешілмей келеді деген сұрақ көпті толғандырады. Ширек ғасырлық тарихы бар автобекеттің қазіргі ахуалы тұрғындардың да көңілін алаңдатады.

Жолаушыға жағдай жасалмаған

Мақаламызға мұрындық болған, қоғамдық орынның қазіргі түр-келбетін сипаттап берейікші. Айналасы толықтай темір қоршаумен қоршалған. Құдды иесі барын анықтап тұрғандай. Бұл аумаққа көліктерге шлагбаум арқылы өту мүмкін емес. Тіпті жаяу-жалпы жүргіншілерге арнайы есік те қойылмапты. Адамдардың бірі жаңағы шлагбаумды айналып өтсе, енді бірінің ішке қарай еңкейіп кіруден басқа амалы жоқ. Ал мүмкіндігі шектеулі зағип жандарға ешқандай жағдай қарастырылмаған. Мұны тең қоғам түсінігі енген заманда кім түсіне қойсын…

Шынымен нәсібін осы жерден тауып отырған автобекет қожайыны қыруар қаржы түсірген жолаушыларға неге дұрыс жағдай жасаудан қашады екен. Бұл сауал біздің де көкейде күрмеледі. Автобекет аумағындағы көлік тұрағының да жағдайы мәз емес. Жалпы нысанға қоғам зиялылары аяқ баспайтындай көрінді. Тек паналаған бұрынғыдай қарапайым халық. Олардың әбден еті үйренген. Осы ретте автобекеттің атқарушы директоры Серік Калимолдин шама-шарқынша ағымдағы жұмыстарды жүргізіп жатқандығын жеткізді.

Өткен жылы автобекет ғимаратының шатырын толықтай айырбастадық. Нысанды түгелімен жаңартуға үлкен қаржы қажет. Мына жер алдында да осылай тамшылаған еді, сол сәтте шатырды ауыстырған құрылысшыларды шақырып жөндеткенбіз, осы жолы да қайта жасатамыз. Әрбір билеттің бізге түсер пайдасы 15 пайыз ғана, соны іске жаратамыз. Бұл жерде көп ақша түспейді. Осыны ескеріңіздер, – дейді жауапты тұлға.

Оның айтуынша, осы мекемеде 5 жыл шеңберінде қызмет етіп жүр. Алдағы уақытта күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу ойында бар екенін жасырмады. Әрине, бәрі қаржыға келіп тіреледі.

Автобекет нағыз көлік жүргізушілердің (таксист) аламайданы. Ертеден қамдаған көлік иелері таң бозынан кезекке тұрып, жолаушы жинайды. Неқұрлым көп адам болса, соғұрлым пайда да мол. Кейде адамға таласып, төбелесіп те қалып жатады. Бұл ретте өз тәртібі бар. Сырттан келіп жұмыс істеуге бейіл жүргізуші болса, қуып шығады. Біреудің тауып отырған нанына рұқсатсыз қол созуға болмайды. Мұны бізге сол маңдағы көлік жүргізушісі Есен Алдабаев айтып берді.

Дәретханасына кірсеңіз шыққанша асығасыз.  Жылы су мүлде жоқ, теңгесін бергеннен кейін тұтынушыға бар жағдай жасалуы шарт. Әйткенмен жалғыз әжетхана болған соң жолаушыларда таңдау жоқ. Өз басым асханаларынан тамақ ішпеймін. Көбіне уақыты өтіп кеткен тамақтар тұрады. Жолаушылар алысқа жол жүріп бара жатқандықтан, жолда ішіп-жер жеңіл ас алады. Ол жерде қайдан болсын, асығып-аптығып маңайдағы асханадан аухаттанып алады. Әй, бір шынайы тексеріс келсе бәрін тазартады-ау, – дейді Есен Алдабаев.

Автобекет жаңғыртылады деген сенімі халықтың күннен күнге өшіп барады. Оған не әкімдік жауап бермейді, не қожайыны жауап бермейді. Ал қарапайым халық барымен базар етуге мәжбүр. Өйткені, өмір сүру керек, тұрмыстың тапшылығы қол-аяқты байлайды.

Осы автобекет жабылып қала ма деп ойлаған едік. Сол заманнан бері істеп келеді. Басында қаладағы ең көрікті жердің бірі болған, кейіннен жекеменшкке өтті де тоқырады ғой. Қазір заман дамыды, қала халқы мұнда аяқ баспайды. Көбіне облыс орталығына шаруамен келген алыс ауылдардың тұрғындары. Солар сөмкесін сүйретіп жүреді. Халық көптеп жүретін жер болғаннан кейін жөндеп қойғаны жөн. Мемлекет меншігіне өтсе, облыстық бюджеттен қары қарастыруға болады. Қожайыны болғаннан кейін, жауапкершілікте сол адамның мойнында қалады, дейді зейнеткер журналист Алмагүл Оңалбаева.

Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін қолдан-қолға өткен автобекеттің кейіп-кескінін кім реттейді? Қара халықтың тілегі орындала ма? Бұл сауалға жауап таба алмадық. Бәрі уақыттың еншісінде.

ПІКІР ЖАЗУ