Талапты жастар – еліміздің жарқын келбеті

Мемлекет басшысы жастар еліміздің қоғамдық өміріне белсенді түрде араласуы қажет екенін айтты. Озық ойлы, бәсекеге қабілетті мамандар елімізге өте қажет екеніне назар аударып, білімді әрі талапты азаматтарға үлкен үміт артылатынын жеткізді. Әр заманда кез келген халықтың білімді және білікті азаматтарының ортақ мүддеге топтасатын кезеңі болатынын айта отырып, ұлтты биікке жетелейтін, жаңаша дамуға бастайтын шоғыр қалыптасатынын мәлімдеді.

«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалының «Жастар рухы» жастар қанаты өңір жастарының белсенділерін партия айқындаған құндылықтар аясына біріктіру, оларды өз ұстанымдарына берік болуын қамту, жас буынның прогрессивті идеяларына қолдау көрсету, қоғамдық қатынастар саласында белсенді азаматтық ұстанымы бар таңдаулы жастар тобын іріктеп, олармен партиялық міндеттер шеңберінде жұмыс жүргізу ниетімен «AMANAT AQYLMAN» интеллектуалды жобасын қолға алды. Командалар арасындағы интеллетуалды ойын түрінде ұйымдастырылып жатқан іріктеу кезеңі Түркістан облысының барлық аудан, қаласында өткізіліп, аймақтардағы іріктеуден үздік деп танылған команда Түркістан қаласында ұйымдастырылып, өткізілетін ақтық сайысқа жолдама алады.

Ақыл мен зердені арқау еткен кезекті іріктеу байқауы Әл-Фарабидей ғасыр ғұламасының кіндігі байланған өлке – Отырар ауданында өтті. Байқаудың ашылу салтанатына осы аймаққа жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Қайрат Балабиев және «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының уақытша міндетін атқарушы, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қалыйма Жантөреева қатысты. Байқауға қатысқан меймандар жас буынға жалынды сөздерін арнап, өмір белесіндегі биіктерді бағындыруға жігерлендірді. Еліміздің алдында биік мақсаттар тұрғанын айтып, парасатты қоғам құруға, мемлекеттің дамуын жаңа белеске шығаруда аянбай үлес қосатындарына сенім білдірді.

Білім мен білікті сарапқа салған интеллектуалды ойынның іріктеу байқауы ұлттық бірліктің қасиетті ордасы – Ордабасы ауданында да өтті. «Жастар рухы» жастар қанатының ұйымдастыруымен өтіп жатқан іс-шараға партияның өңірлік филиалы төрағасының уақытша міндетін атқарушы Қалыйма Жантөреева қатысып, бұл байқау таудай талабы бар жас буын өкілдерін партиялық қызмет арнасы арқылы жарыққа шығару, көпшілікке таныстыру үшін жасалып отырған игі бастама екенін айтты. Партияның өңірлік филиалы бастамашыл болған жобаның мақсат-міндеттері жөнінде кеңінен баяндап, байқаудың бағдарланған аудиториясы, жастарға артылған сенім мен үміт жөнінде өзіндік ойларымен бөлісіп, барлық қатысушы командаларға үздік шығуына тілектестігін білдірді.

Екі ауданда қатар өткен іріктеу байқауларына оннан астам команда қатысып жатқаны, «AMANAT AQYLMAN»-ның жастар арасындағы беделді сайысқа айналып жатқанын көрсетеді. Байқау шарты бойынша іріктеу сайысындағы ойындар 4 кезеңнен өтіп, оған қатысушы командалар кіл жүйріктен кім жүйрік екенін анықтады. Іріктеуден сүрінбей өткен команда ақтық сайыста өз ауданының намысын қорғап, бір арнадан тоғысқан командалық рухты паш етіп өңірдің ақылманы мәртебесі үшін бар қарым-қабілетін жұмсайтын болады.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ