Субұрқақта шомылып жүрген 10 жасар бала қайтыс болды
Шымкентте ата-ана қарауынсыз қалып, субұрқақта шомылып жүрген бала көз жұмды. Оқиға кеше, 24 шілдеде болған.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, бұл туралы ведомствоның дағдарыс жағдайлар басқармасына сағат 19.30-да хабарлама келіп түскен.
«2013 жылғы ер бала Н.Назарбаев даңғылында орналасқан субұрқақта ата-анасының қарауынсыз қалып, суға шомылған. Ол оқиға орнында қайтыс болған. Қазіргі таңда сот медициналық сараптамасы тағайындалды» делінген ТЖД мәліметінде.
Айта кетейік, қала аумағында жалпы 32 субұрқақ бар. Оның 25-і жұмыс жасауп тұр. Барлық субұрқақ Шымкент қаласының жайлы ортаны дамыту басқармасының меншігінде.
Жалпы қалада судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамау бойынша Төтенше жағдайлар министрлігінің №107 бұйрығының критерийіне жататын су айдындарында жазатайым оқиғалар тіркелген жоқ. Алайда министрліктің №107 бұйрығының критерийіне сәйкес есепке алынбайтын 5 жағдай орын алды. Олардың басым бөлігі жеке тұрғын үй ауласында құрылған каркасты бассейндер, құбырлар және субұрқақтар болып табылады.
Қала аумағында суда жаппай демалу, туризм және спорт үшін 5 ресми орын белгіленген . Оның ішінде үшеуіне шомылуға рұқсат етілген. Суға шомылуға рұқсат етілмеген жерлерде жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында тыйым салынған 13 орын белгіленген және осы орындарға шомылуға тыйым салынған тақтайшалар қойылған. Сонымен бірге шаһарда 18 бассейн мен аквасаябақтар шомылу маусымында жұмыс атқаруда.