Сталкинг: Алматыда бұрынғы әйелін аңдыған ер адам сотталды

Алматыда азаматтарды қасақана қудалау мен психологиялық қысымнан қорғауға бағытталған Қылмыстық кодекстегі жаңа норма бойынша алғашқы сот шешімдерінің бірі шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сот материалдарына сүйенсек, ер адам отбасылық қарым-қатынасы аяқталғаннан кейін бұрынғы жұбайына тыныштық бермеген. Ол әйелдің әр қадамын бақылап, жеке өміріне қол сұққан және оның еркінен тыс байланыс орнатуға тырысқан. Бұдан бөлек, жәбірленушінің жұмыс орнында жанжал шығарып, қорқыту сипатындағы хабарламалар жолдап отырған.

Жәбірленушінің айтуынша, ол үнемі үрейде өмір сүргендіктен, бірнеше рет тұрғылықты мекенжайын және жұмыс орнын ауыстыруға мәжбүр болған.

Бұған дейін тәртіп бұзушыға қатысты қорғау нұсқамасы шығарылып, оны бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Алайда, бұл шаралар нәтиже бермей, ер адам құқыққа қайшы әрекеттерін жалғастыра берген.

Сот үкімі:

  • Ер адам кінәлі деп танылып, 100 сағат қоғамдық жұмысқа жегілді.
  • Жәбірленушілерге өтемақы төлеу қорына міндетті төлем өндірілді.

Алматы қаласы ПД Тергеу басқармасының бастығы Мұхамедәлі Сейсенұлының айтуынша, бұл үкім — жаңа норманы қолдану тәжірибесіндегі маңызды қадам.

Сталкинг — бұл адамның қауіпсіздігіне, тыныш өмір сүру құқығына және жеке өмірінің қол сұғылмауына тікелей қауіп төндіретін қылмыстық әрекет. Жүйелі қудалау мен қорғау нұсқамаларын елемеу түптің-түбінде қылмыстық жауапкершілікке әкеледі, — деді ол.

Полиция департаменті азаматтарды мұндай жағдайларға төзбеуге және дер кезінде құқық қорғау органдарына жүгінуге шақырады.