Созақ: заңдық маңызы бар фактілерді анықтау және жол көлік оқиғаларының салдарын жоюға бағытталған жиын өтті
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында Созақ аудандық сотының бастамасымен заңдық маңызы бар фактілерді анықтау және жол көлік оқиғаларының салдарын жоюға бағытталған жиын өтті.
Жиынды аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков ашып, жүргізіп отырды. Шараға ауыл, кент округ әкімдері, прокуратура, аудандық полиция бөлімі мен аудандық емхана қызметкерлері қатысты.
Жиынға қатысушыларға аудандық соттың төрағасы Ақылбек Сергейұлы статистикалық мәліметтерге сәйкес, сотпен қайтыс болу фактілерін анықтау жылдан жылға көбеймесе, азаймай отырғанын және оның негізгі себебі азаматтар қайтыс болған кезде олардың туыстары қайтыс болған адамды сараптамадан өткізуден бас тартатынын атап өтті.
Осы тұрғыда, аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы аудан аумағындғы елді мекендер шалғай орналасқандықтан тұрғындар өмірден өткен туыстарын сараптамадан өткізу үшін облыс орталығына жеткізіп, әуре – сарсаңға түсетінін айтты. Орын алып келген келеңсіз жайыттарды тиісті орындарда мәселе етіп көтеріп, аудан орталығынан сараптама бөлімшесін ашу үшін тиісті құжаттар әзірленетінін тілге тиек етті.
Сонымен қатар, күн тәртібіндегі келесі мәселе жол көлік оқиғасының салдарын жою жөнінде атқарылу керек жұмыстар кеңінен талқыланды. Соңғы уақыттағы статистикалық мәліметтерге сәйкес, жол көлік оқиғасының басым бөлігі жол жиегіндегі қараусыз жүрген малдың салдарынан орын алатыны айтылды. Бұл жөнінде ауыл, кент округ әкімдері өз ұсыныстарын ортаға салып, бірқатар мәселелер жан-жақты талқыланды.
Күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша аудан басшысы ауыл әкімдері мен жауапты мамандарға бірқатар тапсырмалар жүктеді. Кез-келген мәселенің артында үлкен жауапкершілік тұратынын және жұмыс барысында әрбір істі үйлестіре білу керектігін ескертті.