Созақ: «Мыңжылқы» мәдениет сарайында шәмші әндері шырқалды
Бүгін аудандық «Мыңжылқы» мәдениет сарайында Шәмші Қалдаяқов атындағы Түркістан облыстық филармониясының ұйымдастыруымен «Менің Қазақстаным» атты концертік шара өтті.
Кеш шымылдығы «Сүгір» атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестірінің орындауындағы «Ыңғай төк» күйімен бастау алды. Салтанатты шараны аудан әкімінің орынбасары Қалдыбек Оразов ашып беріп, жиналған жұртшылықты Түркістан облысының 5 жылдығымен және Шәмші Қалдаяқов атындағы Түркістан облыстық филармониясының ұжымын 60 жылдық мерейлі мерекесімен құттықтады.
– Бүгін міне, тарихы сонау көне ғасырдан сыр шертіп, алуан мәдениет пен руханияттың нәрлі ошағына айналған Теріскей өңірінде Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері, композитор Шәмші Қалдаяқовтың әндері шырқалғалы отыр. Түркістан облысының 5 жылдығына және Шәмші Қалдаяқов атындағы Түркістан облыстық филармонияның 60 жылдық мерекесіне орай өткізіліп отырған «Менің Қазақстаным!» атты концерт Созақ жұртшылығына айрықша көңіл-күй сыйлайды деген сенімдемін. Бүгінгі таңда ұлттық өнеріміз бен құндылығымызды, мәдениетімізді насихаттауда филармония ұжымы елеулі еңбек етіп келеді. Ән-күй арқылы әдет ғұрыпты, салт-дәстүрімізді ұрпақтан-ұрпаққа дәріптеп жүрген сіздерге зор денсаулық, шығармашылық шабыт, өнерде табысты болуларыңызға тілектеспін,-деген аудан әкімінің орынбасары қазақ өнерінің қара шаңырағына айналған филармония ұжымына аудан әкімінің арнайы құттықтау хатын табыс етті.
Концерт барысында филармония әншілері дарынды композитордың халық жүрегінен орын алған таңдаулы шығармаларын оркестрдің және ВИА-ның сүйемелдеуімен жанды дауыста орындады. Оған қоса, көпшілікке туындылардың шығу тарихы таныстырылды.
Айта кетейік, Шәмші Қалдаяқов 40 жылдан астам шығармашылық қызметінде қазақ даласына 300-ге тарта ән қалдырған. Әрбір туындысы жүрек төрінде жатталған өнер иесінің әндері аталмыш концертте жаңаша сипат алды. Филармония ұжымы Шәмші әндерін нақышына келтіре орындап, шараға жиналған тыңдарманның көңіліне керемет сезім сыйлап, көптің ықыласына бөленді.