Шымкентте көшеден жаңа туған нәресте табылды
Шымкент көшелерінің бірінде жаңа туған нәресте табылды. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы өкілінің хабарлауынша, сәбиді дәрігерлер құтқарып қалған. Аталған жайтты Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов та растады. “Жедел жәрдем қызметкерлері бірнеше минут бұрын тастанды нәрестені құтқарып қалды. Тұрар Рысқұлов көшесінде орналасқан жедел жәрдем сall- орталығы жанында тастанды нәресте табылды. Оны сол маңайдағы адамдар көріп қалып, call-орталыққа алып келген. Өте ауыр халдегі нәрестеге жедел жәрдем диспетчерлері алғашқы медициналық көмек көрсетіп, аман алып қалды. Қазір оны ауруханаға апара жатыр”, – деп жазды Позилов өзінің Instagram парақшасында. Otyrar.kz мәліметіне сүйенсек, мұздап қалған нәресте алдымен Нұрсәт ықшам ауданындағы перзентханаға жеткізілген, кейіннен Асардағы бейінді ауруханаға жатқызылған. Басылымның хабарлауынша, тәртіп сақшылары баласын тастаған ана жақын маңда деп үміттенеді. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Оқиғаның мән-жайы анықталуда.