Шымкентте бір күнде 2 бүлдіршін төртінші қабаттан құлап кетті
Шымкентте бір күнде екі бүлдіршін көпқабатты үйдің терезесінен құлап кеткен. Екі бала да ересектердің қарауынсыз қалған екен.
Бірінші оқиға күндізгі уақытта №17 шағынауданында болған. Бұл туралы Дағдарыс жағдайда басқару басқармасына сағат 16.35-те «103» жедел жәрдем қызметінен хабарлама келіп түскен. 2022 жылы дүниеге келген қыз бала 4-қабаттағы терезеден құлап, дереу ауруханаға жеткізілген.
Ал екінші оқиға «Спорт» шағынауданында кешкі уақытта болған. Бұл туралы да төтеншеліктерге жедел жәрдем қызметіндегілер хабарлаған. Төртінші қабаттан құлап кеткен 2019 жылы дүниеге келген бала шұғыл түрде ауруханаға жатқызылды.
Дәрігерлердің айтуынша, екі бүлдіршін де жансақтау бөлімінде жатыр, жағдайлары ауыр. Қазіргі таңда полицейлер екі оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.
Айта кетейік, жыл басынан бері Шымкентте 6 бала терезеден құлап, 2-уі қайтыс болған.