ШЫМКЕНТТЕ «АЛҒАШҚЫ ЖҰМЫС ОРНЫ» ЖОБАСЫ ІСКЕ АСЫРЫЛУДА
Биылғы жылы Шымкентте «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде «Алғашқы жұмыс орны» жобасы іске қосылды. Аталған жобаға 29 жасқа дейінгі мүлдем жұмыс өтілімі жоқ жұмыссыз жастар, оның ішінде NEET санатындағы жастар қатыса алады. Сонымен қатар, алғашқы жұмыс орнына орналасуға көп балалы немесе аз қамтылған отбасы мүшелеріне, еңбекке қабілетті мүгедектер мен техникалық және кәсіптік мамандық иелеріне басымдық беріледі.
Жұмыспен қамту орталығы жұмыс берушілермен келісімшарт жасап, оқу орнын аяқтаған жастарды 24 ай жұмыспен қамтиды. Жобаға қатысушының еңбекақысы – 20 АЕК. Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыстың алғашқы 12 айдың еңбекақысын субсидиялайды.
Үміткерлер тіркелген мекенжайы бойынша жұмыспен қамту орталығы бөлімшелеріне жеке куәлігі мен білімі туралы құжат көшірмесін тапсырып, өтінім бере алады.
Айта кетсек, бүгінгі таңда жобаға қатысуға 100-ге жуық жас өз мамандығы бойынша түрлі мекемелер мен кәсіпорындарға жолданып, екі жылға тұрақты жұмысқа орналасты.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі