Шымкентте алғаш рет күрделі нейрохирургиялық ота жасалды
Күрделі операция Шымкент қалалық №2 ауруханасында өтті. Дәрігерлер бастың жиі ауруы, жоғары қан қысымы, құсу, құрысу, ентігу белгілерімен шағымданған 22 жасар науқасқа “галена венасының артериовенозды мальформациясы” диагнозын қойған.
Ангиография құрылғысының көмегімен күрделі операция сәтті жасалды. Ота барысында тамыр ішінде мальформация бітелді. Жоғары технологиялық медициналық қызмет түрі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында тегін жасалды. Пациенттің қазіргі жағдайы жақсы. Жақын күндері үйіне шығарылады.
Жалпы бұл өте сирек әрі қауіпті диагноз саналады. Статистика бойынша патологиямен ауырғандардың 90%-ы уақытылы ем қабылдамаса, өліммен аяқталады.