Шымкентте зейнеткерлерге шипажайларда ем алуға жолдама берілуде
Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы тарапынан әлеуметтік қолдау көрсету санатындағы азаматтарға шипажайларға тегін және жеңілдікпен жолдамалар беріледі.
Бүгінде 1748 жолдама зейнеткерлерге шипажайда ем қабылдауы үшін берілді.
Биыл кезекте тұрған 6174 азаматты Шымкент қаласының “Денсаулық” шипажайына, Түлкібас ауданының “Ақсу-Жабағылы” және Тараз қаласының “Айша бибі” шипажайларына жіберу жоспарлануда.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметінше, санаториялық-курорттық емдеу Ұлы Отан соғысының қатысушыларына және оларға теңестірілген тұлғаларға, зейнеткерлік жастағы “Алтын алқа”, “Күміс алқа” иегерлеріне тегін беріледі. Ал, зейнеткерлерге жолдама құнының 50 пайызын төлеумен беріледі.
Бүгінгі күні қалада 82 821 зейнеткер тіркелген, оның ішінде ҰОС ардагерлері – 20, тыл еңбеккерлері – 3 153. Сондай-ақ, “Алтын алқа” және “Күміс алқа”иегерлерінің 10 667 зейнеткері бар.
Шипажайларға жолдама берілу жұмыстары мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жүзеге асырылады. Жолдама алу үшін Бәйтереков көшесі, 89 мекен-жайы бойынша қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына өтініш қалдыру қажет. Жолдама кезек бойынша беріледі. Кезекке тұру үшін жеке куәлік және 068 нысанындағы анықтама қажет.