Шымкент тау шаңғысы туризмінің ордасына айналады

Туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев осылай деп айтты, деп жазады BAQ.KZ ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шымкент қаласы әкімдігінің шақыруымен «Creative Shustry of Shymkent 2023» форумына қатысқан Туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев туристік бизнес және креативті индустрия өкілдерінің басын қосқан жиында министрліктің негізгі міндеттерін айтып, атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Іс-шарадан кейін ол қала тұрғындарымен кездесу өткізді. «Creative industry of Shymkent» форум-көрмесіне 500 адам қатысып, 30-ға жуық спикер креативті индустрия саласында жаңа идеяларды енгізу, жобаларды іске асыру үшін инвесторлар мен демеушілерді тарту бойынша баяндама жасады.

Сонымен қатар көрме аясында 20 жоба ұсынылып, бірқатар меморандум мен жол картасына қол қойылды. Жиында Ержан Еркінбаев Шымкент қаласы табиғи көрікті жерлерімен, тарихи-мәдени нысандарымен және қаланың дәмді гастрономиясымен үлкен туристік әлеуетке ие екенін атап өтті.

Ең бастысы, өңір ҚР Үкіметінің туризм саласына инвестиция тарту бойынша нысаналы индикаторларға қол жеткізу жөніндегі алға қойған міндеттерінің алдында қандай табыстарға қол жеткізгеніне тоқталды.

Сонымен қатар өңірдің мүмкіндіктерін ескере отырып, Ержан Еркінбаев аймақтағы туризмнің дамуына оң серпін беретін тау шаңғысы кешенін салу қажеттігі туралы айтты.

Уақыт өте келе Қасқасу аумағы тау шаңғысы туризмінің ордасына айналады деп үміттенеміз. Бұл бағытта жұмыс жүргізілуде, – деп атап өтті ҚР ТСМ министрінің орынбасары.

Сондай-ақ Ержан Еркінбаев өңірдегі және жалпы елдегі креативті индустрияларды дамыту бойынша пікірлерін ортаға салды.

ПІКІР ЖАЗУ