Шымкент: грек-рим күресінен республикалық ашық турнир басталды
Қаладағы жеңіл атлетика манежінде грек-рим күресінен кадеттер арасында «Ауған соғысында ерлікпен қаза болған жауынгерлерді еске алуға арналған» республикалық ашық турнир басталды. Жарыста Өзбекстан, Тәжікстаннан және еліміздің барлық өңірінен 400-ден астам жасөспірім балуан бақ сынап жатыр.
Дәстүрлі жарыс биыл «Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына» орай ұйымдастырылды. Турнирдің ашылу рәсімінде қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ермек Дәрменов, Республикалық «Ауған және жергілікті соғыс ардагерлері» одағының төрағасы Шәріпбай Өтегенов құттықтау сөз сөйлеп, сайыстың беделі арта беруіне тілектестігін жеткізді.
– Дәстүрлі жарыстың жыл сайын ауқымы кеңейіп келеді. Биылғы бәсекеде қатысушылар саны артып отыр. Көрші елдерден де үздік балуандар келді. Бозкілемнен тәрбие алған жасөспірімдер ертең ел қорғайтын патриот азаматтар болады. Бұл жарыстың маңызы ерекше. Сайыстың ғұмыры ұзақ болсын, – деді басқарма басшысының орынбасары.
Іс-шарада қаруластар, жиналған көпшілік өмірден өткен Ауған соғысы ардагерлерін 1 минут үнсіздікпен еске алды.
Екі күнге жоспарланған бәсекеде 2007-2009 жылы туған кадеттер өзара мықтыларды анықтайды. Жарыс ертең мәресіне жетеді.