ШЫМКЕНТ: Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

Шымкент қаласында жұмыспен қамту орталығы «Жастар ресурстық орталығымен» бірлесе бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізді.
ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «30 жұлдызды күн» іс-шаралар жоспары аясында ұйымдастырылған жәрмеңкеде түрлі мекемелер мен кәсіпорындары тарапынан 700-ге жуық бос жұмыс орындары ұсынылды.
Жұмыс іздеушілер жұмыс ұсынған мекемелермен танысып, 135 азамат қаладағы ірі және шағын кәсіпорындарға тұрақты жұмысқа жолдама алды.
Жәрмеңкеде жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Б.Нарбекова «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының тиімділігі мен мүмкіндіктері жөнінде айтып өтті.
–Бүгінгі бос жұмыс орындарының жәрмеңкесінде жұмыс орындарын ұсынылып қана қоймай, жұмыс беруші мекемелердің сұранысына сай қажетті маман таңдауларына мүмкіндік береді. Қаладағы ірі кәсіпорындар жұмыспен қамтудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде тұрақты жұмыс орындарын ұсынып отыр. Бұл жұмыссыз азаматтардың тұрықты жұмыс орнын табуына мүмкіндік береді, -деді басқарма басшысы.
Шымкентте биыл «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 28 286 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланса, бүгінгі дейін 26 013 адам түрлі кәсіпорындар мен мекемелерге жолданған.

ПІКІР ЖАЗУ