Шахтаға алтын іздеуге ұрланып түскен 17 адам тірідей көміле жаздады

Олар күзетшілердің арқасында өлімнен аман қалды.

Оқиға сәуір айының аяғында Ақмола облысының Бестөбе елді мекені маңындағы жұмысы уақытша тоқтатылған шахтада болған, деп хабарлайды Экспресс К“Көкшетау Азия” ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Сол күні күзет қызметіндегілер жабық шахта астынан түсініксіз дыбыстар естіген. Олар әуелде бұған мән бере қоймаған. Өйткені су басып кеткен кенішке есі дұрыс адам түсе ме? Алайда металл құрылғыларына тиген соққылардың дыбысы жер астынан тоқтаусыз шыға берген. Осыдан соң күзетшілер тиісті органдарға қоңырау шалыпты.

“Шахта басына құқық қорғаушылар және құтқару қызметкерлері шақыртылды. Қауіпсіздік қызметінің мамандары шахтаға түсті. Олар жер бетіне шығуға талпынып шаршаған заңсыз “кен қазушыларға” көмек көрсетті. Сыртқа аман шыққан олар алғыс айтудың орнына қашуға оқталды. Алайда оған тәртіп сақшылары жол бермеді”, — дейді Ақмола облысы ПД баспасөз қызметіндегілер.

Видеодан кадр/kokshetau.asia

Оларға қауіпсіз нысанға заңсыз кіргені үшін әкімшілік хаттама толтырылды. Тергеу кезінде анықталғандай, олжа іздеушілер бұл шахтаға жасырын шұңқыр арқылы наурыз айында түсіпті. Бір ай өткен соң азықтары таусылып, сыртқа шыққылары келген. Бірақ қар суы олардың шығар жолын бітеп тастаса керек. Осыдан кейін оларға шахтаның эвакуациялық торларына жақындаудан басқа амал қалмаған.

“Осы оқиғаға дейін бір ай бұрын “Западный” шахтасынан қарауылдар Павлодар облысының 43 жастағы тұрғынының мүрдесін тауып алған еді. Кейін анықталғандай, ол жүректің ишемиялық ауруынан көз жұмған. Марқұмның шахтаға заңсыз кіргені анық. Оны сол жерде серіктестері тастап кеткен болуы мүмкін”, — деген дерек келтіреді “Көкшетау Азия” тілшісі.

Видеодан кадр/kokshetau.asia

Ресми мәліметтерге сүйенсек, “Қазақалтын” кеніштерінде 2010-2021 жылдар аралығында ұзын саны 45 000 заңсыз кен қазушы ұсталған. Оның ішінде 18 000 адам полиция қолына екі мәрте түсіпті. Олардан 7193 тонна шикізат тәркіленген. Бұдан құны 8,9 млрд теңге тұратын 590 тонна алтын алынды.

ПІКІР ЖАЗУ