Сауран: алдымен өзекті мәселелердің шешілуіне күш саламыз
Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров түстен кейін есепті кездесуін Жібек жолы ауылдық округінде жалғастырды. Кездесуде аудан әкімі Жібек жолы ауылдық округінде алдыңғы есепті кездесуде көтерілген мәселелерге тоқталып, ол бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап өтті. “Аудандағы өзекті мәселелерді ең алдымен жергілікті халық жақсы біледі. Алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Басты міндетіміз аудан тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында жұмыстар жалғасын табатын болады. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларының әрі қарай тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, жаңа кәсіпорындар ашу көзделуде. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейту есебінен аудан экономикасын көтеру, жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша жұмыстар атқарамыз”, – деді аудан әкімі Мақсат Асылбекұлы.
Ауыл тұрғындары тарапынан Жібек жолы елді мекеніндегі Жалпақсай көшесіне тас төсеп беруін, жарықтандыру мәселесі айтылды. Сонымен бірге «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша келер жылға Жібек жолы ауылдық округі енсе деген ұсыныстарын білдірді. Сырдария бойындағы шабындық жерлерді ауыл әкімдігіне қайтарылса, ауданға жазғы маусымда балалар демалатын жазғы демалыс орнын (лагерь) салу қажеттігін, қарияларға арнап, әр ауылда оңалту орталығы ашылса деген ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Кездесуде ауыл тұрғындары тарапынан айтылған барлық мәселелер бойынша әрбір сұраққа дер кезінде аудан әкімі Мақсат Таңғатаров тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар беріп, шешу жолдарын қарастыратынын жеткізді.