Сайрам: Ақбұлақта өткен есептік кездесу
Аудан әкімі Арман Сәбитовтің тұрғындармен кезекті кездесуі Ақбұлақ ауылында өтті.
Алғаш «Ауыл-Ел бесігі» бағдарлама аясында бой көтерген мәдениет үйі, кітапхана және спорттық үйірмелер ғимаратының лентасы қиылды. Ақбұлақ ауылындағы ескі клуб жарамсыз болып танылып, бұзылғаннан кейін, аудан әкімінің есептік кездесулерінде ауыл тұрғындары тарапынан көтеріліп келген мәселе болатын.
Жаңа ғимараттың ашылу салтанатымен құттықтаған аудан басшысы алдағы уақытта мәдениет пен спорт үйірмелері ауыл халқының игілігі үшін жұмыс істейтіндігін және жастармен қатар қарияларымыздың да бос уақытын тиімді пайдалану үшін мүмкіндіктердің мол екендігін жеткізді.
Одан кейін Ақбұлақ ауылдық округ көлемінде көтерілген өзекті мәселелер мен алдағы жоспарлар жайында тұрғындарға ақпарат берді. Алдағы уақытта ауылға спорт клубы салу мәселесі күн тәртібінде тұр.
Тұрғындар тарапынан жиі көтерілетін мәселелердің бірі – карьердегі заңсыз жұмыстар мен мөлшерден артық жүк тиеген көліктердің қозғалысы болатын. Ауыл белсенділері тарапынан осы мәселенің тиімді шешілуіне ықпал еткені үшін аудан басшысына алғыс білдірді.