“Qazcontent” пен “Жастар” орталығы бірігіп жобалар жасайтын болды

«Qazcontent» АҚ мен «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы» ЖШС арасында өзара тиімді ынтымақтастықты көздейтін меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды BAQ.KZ El.kz жастар порталына сілтеме жасап.
Құжатқа «Qazcontent» АҚ басқарма төрағасы Задабек Айна Задабекқызы мен «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Гүлісхан Сайфулинқызы Нахбаева қол қойды.
Ынтымақтастықтың басты мақсаты – жастар арасында азаматтық белсенділікті, патриотизмді және әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға бағытталған сапалы контент әзірлеу. Тараптар жастар ортасындағы өзекті мәселелерді қамтитын әлеуметтік зерттеулер, сауалнамалар мен статистикалық деректер негізінде медиа шолулар мен талдамалық материалдар дайындауды жоспарлап отыр.
Атап айтқанда, ғылымды, мәдениетті, салауатты өмір салтын насихаттайтын бірлескен білім беру және ағартушылық жобалар, тұрақты рубрикалар, подкасттар мен мультимедиялық өнімдер жасалмақ.
Сонымен қатар медиасфера мен мемлекеттік жастар саясаты аясында конференциялар, семинарлар мен тренингтер өткізу, жастарға қатысты заманауи үрдістерді талқылайтын сараптамалық алаңдар құру көзделген.
Бұл бастамалар El.kz жастар порталының мазмұнын одан әрі байытып, оның жастарға арналған жетекші ақпараттық-танымдық платформа ретіндегі рөлін күшейтеді.
Айта кетейік, Qazcontent құрамына кіретін алты жобаның әрқайсысында жастарға арналған бағыт бар. Соның ішінде El.kz интернет-порталы былтырдан бастап даму бағытын түбегейлі өзгертіп, жастар аудиториясына арналған контентке басымдық беріп келеді.
Қазіргі таңда El.kz порталында жасанды интеллект пен IT, технология, бизнес, урбанистика, заманауи кино, музыка, сән, саяхат секілді өзекті тақырыптар кеңінен қамтылады.
Сонымен бірге дарынды жастар, балаларға арналған танымдық және сараптамалық мақалалар мен эксклюзивті сұхбаттар тұрақты түрде жарияланып келеді. Ал порталдың негізгі аудиториясы – студенттер, жаңа буын кәсіпкерлері, креаторлар, талдаушылар мен сарапшылар.
Бұдан бөлек, El.kz-тің El.sport, El_kids, El.women және El.travel секілді арнайы парақшалары бар. Бұл алаңдарда еліміздің дамуына үлес қосып жүрген белгілі тұлғалармен қатар, талантты әрі белсенді жастардың жетістіктері кеңінен насихатталады.
Осылайша, аталған меморандум El.kz интернет порталының контенттік әлеуетін арттырып қана қоймай, жастарға арналған сапалы медиаөнімдер мен сараптамалық жобаларды жүйелі түрде дамытуға жол ашады.
Айта кету керек, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Жастар» ҒЗО мен «Qazcontent» АҚ бірлесіп El Jastary YouTube арнасында ай сайын шығатын «El jastary media» подкаст жобасын іске қосты. Подкастта Қазақстандағы жастар саясатының өзекті мәселелері, жаңа трендтер мен сараптамалық пікірлер талқыланады.




