Путин Ким Чен Ынға Ресейге әскер жібергені үшін алғыс айтты

 Ресей президенті Владимир Путин Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынға Украинамен соғыста қолдау көрсетіп, Ресейге әскер жібергені үшін алғыс білдірді. Бұл туралы Кремль дүйсенбі күні хабарлады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Yonhap News агенттігіне сілтеме жасап.

Путин өз мәлімдемесінде Солтүстік Корея сарбаздарының “белсенді рөлін” ерекше атап өтіп, олардың көрсеткен ынтымақтастығы мен достығын жоғары бағалады. Ол екі ел арасындағы “соғыста шыңдалған достық пен ынтымақтастық байланыстары барлық бағытта нығая түседі” деп мәлімдеді.

Путин Солтүстік Корея әскерінің Ресейге жіберілуі былтыр маусымда Пхеньянда қол қойылған кешенді стратегиялық әріптестік туралы келісімге сәйкес екенін айтты. Бұл келісім бір тарапқа қарулы шабуыл жасалған жағдайда өзара әскери көмек көрсетуді қарастырады.

Ресей мен Солтүстік Корея өткен демалыс күндері алғаш рет ресми түрде Солтүстік Корея әскерлерінің Курск облысындағы ұрыстарға қатысқанын растады. Мамандар бұл мәлімдемелер екі ел арасында алдын ала келісілген деп болжайды.

Қазан айынан бері Ресейге 10 мыңнан астам солтүстіккореялық әскери қызметкер жіберілген. Осы уақытқа дейін Мәскеу мен Пхеньян бұл туралы ресми түрде хабарламаған еді.

Ресейлік ақпарат агенттіктерінің мәліметінше, әзірге Путин мен Ким Чен Ын арасында жаңа кездесу өткізу жоспары жоқ.

Бұған дейін Солтүстік Корея Ресейге Украинамен соғысу үшін әскер жібергенін ашық мойындағанын хабарлаған болатынбыз.

ПІКІР ЖАЗУ