Полиция студенттермен тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбында әңгімелесті

Қазығұрт полициясының зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Қ.Умиралиева мен «Отбасын қолдау» бөлімшесінің психологы Ш. Алдабекова колледж студенттерімен кездесу өткізді. Онда жастарға отбасылық-тұрмыстық қатынастардағы зорлық-зомбылықтың алдын алу мен олардың заңды құқықтарын түсіндірді.

Сондай-ақ студенттермен ашық пікір алмасу, отбасын құруды жоспарлау, отбасындағы қарым-қатынас, бала тәрбиесі, ұрпақтар теориясы, заң аясында жүріп-тұру, қылмыстық құқық бұзушылықтың салдары, отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол бермеу сияқты тақырыптарда сөз қозғалды.

Полицейлер студентерге мұндай жағдайларда олар әрдайым мектеп психологына, сондай-ақ кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторға жүгіне алатындығын еске салды.

«Тұрмыстық зорлық бір адамның екінші адамға не туыстарының бірінің екінші туысына зорлық көрсетуі. Отбасылық қарым-қатынастағы құқыққа қайшы әрекеттердің басым бөлігі жасырын түрде қалып қалады. Осылайша бұл тұрмыстық зорлық құрбандарына көмек көрсету мәселесін қиындатады.

Сондықтан бұл жағдайда қорықпастан міндетті түрде «102» арнасына немесе «111», «150» жедел желілеріне хабарласу қажет», – деді әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Қ.Умиралиева.

Сөз соңында жастар арнайы мамандарға сауалдарын жолдап, өзара пікір алмасты.

ПІКІР ЖАЗУ