Полиция пәтер ұрлығын ашты: күдікті жәбірленушінің туысы болып шықты

 Түркістан облысы Түлкібас аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері пәтер ұрлығына қатысты қылмысты әшкереледі, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Тергеу барысында анықталғандай, күдікті ер адам жәбірленушінің жақын туысы болып шықты. Қылмыс жасаған күні ол туысымен бірге қонақта болған. Жиын барысында “жұмысым бар” деген сылтаумен ертерек шығып кеткен ол, жәбірленушінің үйіне ұрлыққа барған.

Күдікті үйдің қоршауынан секіріп өтіп, терезе арқылы ішке кіріп, жатын бөлмеден жалпы құны 2 миллион теңге тұратын алтын бұйымдарды ұрлаған. Кейін ұрланған заттарды жасыру үшін қонақта отырған үйге қайта оралған.

Келесі күні алтын бұйымдарды ломбардқа 800 мың теңгеге өткізіп жібергені анықталды. Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдіктіні қолға түсіріп, ұрланған заттарды тәркілеп, иесіне қайтарды.

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің тиісті бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

ПІКІР ЖАЗУ