Полиция нашақорлықтың алдын алу үшін оқушылардың ата-аналарымен кездесті
Нашақорлықтың алдын алу мақсатында Кентау қаласының полицейлері мыңдаған оқушылардың ата-аналарымен кездесулер өткізіп, есірткінің зияны, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы түсіндірді.
Кентау қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері қаладағы білім ошақтарында оқитын жоғары сынып оқушыларының ата-аналарымен кездесті.
Жиналыста сөз сөйлеген полиция бөлімі бастығының орынбасары Азамат Сәрсенқұлов жасөспірімдердің қауіпсіздігіне және қазіргі уақытта қоғам дертіне айналған кәмелетке толмағандар арасындағы “синтетикалық есірткінің” таралуын болдырмауға, сондай-ақ балаларды тәрбиелеуге назар аудару қажет екенін атап өтті.
Сондай-ақ ата-аналарға қылмыстық және әкімшілік кодекстің нормалары, олардың бала тәрбиесіне жауапкершілігі түсіндірілді, балаларының мінез-құлқына назар аударуға, олармен көбірек қарым-қатынас жасауға және бос уақытын тиімді пайдалануға жағдай жасауға шақырды.
Айта кеткен жөн, мұндай кездесулер Түркістан облысындағы барлық оқу орындарында өткізілуде.