Полиция “Қызға қырық үйден тыйым” тақырыбында жиналыс өткізді
Келес аудандық полиция бөлімінің инспекторы Эльмира Есенкулованың ұйымдастыруымен аудандағы №13 Кәсіптік колледжінде «Қызға қырық үйден тыйым» атты тақырыпта қыздар арасында жиналыс өткізді.
Жиналысқа директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, мектеп медбикесі мен «Отбасын қолдау» орталығының психолог маманы Д.Абдирова және студент қыздар қатысты
Алғашқы сөз кезегі колледждің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ербол Мамбетовке берілді. Өз сөзінде қыз балаға берілетін тәрбиенің маңызы, қоғамда қыз бала тәрбиесінде жіберіліп жатқан олқылық тұстарды тілге тиек ете отырып, қыздардың тән мен ар тазалығы туралы түсіндіріп, бесігінде жақсы тәрбие алған қыз бала ертеңгі ана екендігін еске салды. Сондай-ақ шарада олардың құқықтары мен міндеттері талқыланды.
Интернеттегі зорлық-зомбылық пен ерте жүктіліктің алдын алу, тән саулығы мен жеке гигиена жайлы дәрістер оқылды. Яғни «Ерте жүктілік несімен қауіпті?» және «қажетсіз жүктіліктен қалай сақтану керек?» туралы сұрақтар төңірегінде қозғалды.
Сонымен қатар, студенттерге профилактикалық сипаттағы бейнероликтер көрсетіле отырып, олардың құқықтары мен міндеттері түсіндірілді. Жиналыс соңында студент қыздар лауазымды тұлғаларға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптарын алды.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі