Полиция баласын түнгі уақытта қараусыз жіберген 4500-ге жуық ата-ананы жауапқа тартты

Полиция баласын түнгі уақытта қараусыз жіберген 4500-ге жуық ата-ананы жауапқа тартты. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Б.Ахметов мәлімдеді.

Түркістан облысының полицейлері балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен құқығын қорғауға әрқашан ерекше көңіл бөледі.

Осы ретте тәртіп сақшылары кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мен жолын кесу мақсатында «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім және жауапкершілік» атты іс-шараларды өткізуде.

Жүргізілген жұмыс нәтижесінде жыл басынан бері түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болған 198 кәмелетке толмаған анықталды. Тұрғын үйден тыс жерде жүрген 4 358 жасөспірімнің ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жасы кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуына жол бергені үшін 104 мекеме иесіне хаттама толтырылды. Құқық бұзушылыққа бейім 427 кәмелетке толмаған мен бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайтын 268 қолайсыз отбасы есепке алынды. Жалпы есептік мерзімде жасөспірімдермен жасалған қылмыстар 11,6 пайызға төмендеді.

Одан бөлек қазіргі таңда оқушылар жазғы сауықтыру лагерьлері мен түрлі экскурсияларға шығуда. Облысымызда жалпы 32 жазғы лагерлері қызмет көрсетуде. Олардың барлығына полиция қызметкерлері бекітіліп, лагерь аумағында бақылау жұмыстарын жүргізуде.

Сонымен қатар шомылу кезіндегі сақтық шараларын ұйымдастыру мақсатында полиция, төтенше жағдайлар қызметкерлерімен бірлесіп, түсіндіру шараларын атқаруда.

Балалардың өмірі мен денсаулығын сақтау – ересектердің басты міндеті. Сондықтан полиция олардың демалыс кезіндегі қауіпсіздігін толық сақтау үшін, бірігіп шаралар қабылдауға шақырады.

Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі

 

ПІКІР ЖАЗУ