Өзбекстан Қазақстанға үлкен жеңілдік жасады

“Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясы мен “Өзбекстан темір жолы” арасында транзиттік жүк тасымалын арттыру мәселесі бойынша келіссөз өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
“ҚТЖ” ақпаратына сәйкес, негізгі келісімдердің бірі – Өзбекстан Қазақстан астығын Ауғанстанға транзитпен тасымалдау тарифін 40 пайызға төмендететін болды. Яғни енді Ауғанстанға астық жеткізу Иранға қарағанда арзанға түседі. Бұл отандық астық өндірушілер үшін экспортты тиімдірек етіп, олардың өнімінің бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Айта кетейік, бұл келісімдер Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің Алматыға сапары аясында жасалған.
Соңғы алты айда Қазақстаннан астық экспорты айтарлықтай артқан. Жалпы көлемі – 5,8 млн тонна, бұл өткен жылмен салыстырғанда 53 пайызға көп. Оның ішінде:
- Орталық Азия елдеріне – 3,2 млн тонна (+33%);
• Ауғанстанға – 248 мың тонна (+36%);
• Иранға – 660 мың тонна, яғни 17 есе көп;
• Әзербайжанға – 360 мың тонна, 90 есе көп.
Қазіргі кезде астық тасымалдауға арналған вагондар жеткілікті, алайда наурыз айындағы мерекелерге байланысты тиеу қарқыны сәл бәсеңдеген. Осыған орай, жүк жөнелтушілерге мемлекет тарапынан тасымал шығыны субсидияланатын бағыттарды – әсіресе Ресей порттары мен Балтық елдерін – белсендірек пайдалануға кеңес беріліп отыр.
“ҚТЖ” компаниясы кез келген көлемде жүк тасымалдауға дайын екенін мәлімдеді: қажетті инфрақұрылым, локомотивтер мен вагондар бар, бастысы – жүк жөнелтушілердің тапсырысы дер кезінде түсуі керек.
Жалпы алғанда, жаңа нарықтарға жол ашу мен тарифтің төмендеуі ауыл шаруашылығы өнімдерін тиімді әрі көп мөлшерде сатуға мүмкіндік береді. Бұл – әлемдік нарықтағы баға тұрақсыздығы мен бәсекелестік артып жатқан кезеңде Қазақстан үшін аса маңызды. Өзбекстан және өзге көрші елдермен әріптестікті дамыту экспортты тұрақты әрі болжамды ете түседі.