Отырар: тәуелсіздік еліміздің мәңгілік құндылығы
Биыл еліміздің егеменді ел ретінде танылғанына отыз екі жыл толып отыр. Тәуелсіздік сияқты қастерлі мерекені бүгінгі таңда қазақ халқы жүрегімен сезінуі керек. Осы мақсатта бүгін ауданымызда ел Тәуелсіздігінің – 32 жылдығына арналған «Тәуелсіздік-тұғырым» атты іс-шарасы өтті.
Егемендік алуға зор үлес қосқан батырларымызға тағзым күні ретінде аталып өткен шараға аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов пен аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақов қатысып, бүгінгідей бейбіт күнде өмір сүруіміз осы жолда құрбан болған ата-бабаларымыздың арқасы екендігін жеткізді.
Қастерлі мерекеге келген көпшілік алдымен аудандық мәдениет сарайының суретшісі Әділхан Мәліктің сурет көрмесін тамашалады. Мұнан соң іс-шара театрландырған композициялық көрініспен ашылып, қазақ зиялылары, ұлттық әдебиеттің үш бәйтерегі аталған ақын-жазушылардың кейпіне еніп, ұлағатты сөздерін халыққа әсерлі үнмен жеткізді. Егемендікті аңсаған алаш зиялыларының келешекке деген аманаты мен бүгінгі жастардың ертеңге деген сенімі айқындалған жігерлі сөздері көрермендерді бір серпілтіп тастады.
Шара барысында аудан әкімі мен мәслихат төрағасы ізгі лебіздерін жеткізіп, егемендіктің баға жетпес құндылық екенін атап өтті.
Аудан басшысы өз сөзінде: «Республикамыздың әр азаматы үшін Тәуелсіздік күні айтулы, қастерлі мереке. Тәуелсіздік – тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы. Біз бүгінге дейінгі барлық жетістіктерімізге Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары еліміз шекарасы бекітіліп, халықаралық аренада мемлекетіміздің беделінің өсуіне бағытталған шаралар жүзеге асты. Осы жылдар ішінде әр салада жаңашыл бастама мен игілікті істер атқарылып келеді. Алдағы уақытта да әлі талай игілікті істердің куәсі болатынымызға сенімім мол»,-деді.
Сонымен қатар сөз барысында аудандық мәслихат төрағасы У.Ұзақов әрбір азамат бейбіт күндегі еркіндігімізді әрқашан мақтан тұтып, қастерлей білуі тиіс екендігін айтып, бұл ең басты азаматтық парызы мен адамдық борышы болуы керектігін жеткізді.
Шындығында тәуелсіздік бұл 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында алаңға шыққан жастардың ерік-жігері, ең алдымен барша қазақстандықтардың арман-мұратының салтанат құруы. Желтоқсан оқиғасында теңдікті, әділеттікті іздеп алаңға шыққан қаншама қазақ жастары егемендік жолында жазықсыз құрбан болды. Олардың қатарында отырарлық жастар да болған еді. Олар әлі күнге дейін елге, Отанға қызмет етіп, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып келеді. Жиында ауданымыздағы желтоқсан оқиғасына қатысушылар мен ауданның даму мен өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосып келе жатқан азаматтар аудан әкімі мен аудандық мәслихат төрағасының алғыс хаттарымен марапатталды. Сондай-ақ ҚР Президентінің Жарлығымен «Алтын алқа» иегері атанған көпбалалы ана Мадина Нұрлыханқызы мен «Күміс алқа» иегері Ақтолқын Әзімханқызына құрмет көрсетілсе, мәдениет өкілдері Мұхтар Тұрғанбекұлы мен Тәжікүл Әбдірайымға «ҚР Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі табысталды.
Шарада аудандық мәдениет сарайының өнерпаздары елдікті, егемендікті жырлаған ақындар мен сазгерлердің әндерін орындады.