Отырар: Шәуілдір ауылында жаңа ойын алаңы ашылды

ҚР Президентінің Жарлығымен бекітілген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында аудан әкімінің тұрғындармен кезекті кездесуі бүгін Шәуілдір ауылында жалғасын тапты. Арыс жағалауындағы ашық аспан астында тұрғындармен кездескен аудан әкімі аудан көлемінде атқарылған жұмыстардың барысымен таныстырды.

Бұған дейін Шәуілдір ауыл окургінде өткен кездесулерде 11 мәселе көтеріліп, бүгінгі таңда 5 мәселе шешімін тапса, қалған 6 мәселе бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Ауыл округіндегі ішкі көшелерді жөндеу, ойын алаңшаларын салу, газдандыру жұмыстары, ортақ жайылым қарастыру бойынша  жұмыстар атқарылып келеді.

Кездесу барысында ауыл тұрғындары Қалдыбай Ембергенов, Үсен Ахан, Жалғасбай Көлбай ұсыныс-пікірлерін айтып, тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында Шәуілдір мен Көкмардан ауылдарын жалғап тұрған «Селкілдек көпірді» жөндеуден өткізу туралы өтініштерін жеткізді.

Неміс инженері Борис Буштың тікелей бастамасымен салынған аспалы көпір қазіргі уақытта жөндеу жұмыстарын жүргізуді қажет етіп тұр. Темір тартпалары созылып, ағаштары тоза бастаған. Аудан басшысы ауыл тұрғындарының ұсынысы негізінде көпірге жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы сала басшаларына тапсырма жүктеді.

Соңғы жылдары ауданымызда ойын алаңшаларының қатары көбейді. Бюджет қаражатымен шектеліп қалмай, демеушілерді тарту ісі де жанданып келеді. Ауыл азаматтарының демеушілігімен Жамбыл мектебінен заманауи ойын алаңы салынып, пайдалануға берілген еді. Игі бастама жалғасын тауып, «Селкілдек көпір» маңында ашық спорт алаңы ашылып, ел игілігіне берілді. Мұнда балалардан бөлек ересектердің дене жаттығуларын жасауына жағдай жасалған.

Аудан әкімі Сәкен Асылханұлы мен аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Жамалханұлы, аудандық мәслихат депутаты Асан Аралбай, Бекзат Аманшаұлы, Ардақ Нәжімеддинұлы,  Нұржан Орынбасарұлдары кездесуден соң ашық спорт алаңының ашылу рәсіміне қатысып, алаңшаның ашылуымен ауыл тұрғындарын құттықтап, аудан көлемінде спорт саласындағы жетістіктерді атап өтті. Шарада ауыл тұрғындары салауатты өмір салтын ұстану, бұқаралық спортты дамыту бағытындағы жұмыстарға оң бағасын беріп, ризашылығын білдірді. Жиын соңында ауыл ақсақалдарының атынан аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Жалғасбай Көлбай жоспарлы жұмыстарға сәттілік тілеп, ақ батасын берді.

ПІКІР ЖАЗУ