Ордабасыда түркістан музыкалық драма театрының гастролдік сапары қорытындыланды

Ордабасы ауданының орталығы Темірланда Түркістан музыкалық драма театрының ұжымы Қанабек Байсейітов пен Қуандық Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай!» комедиясын сахналады. Түркістан облысының бес жылдығына орай, облыс әкімі Дархан Сатыбалдының облыстың танымал өнер ұжымдарын шалғай аудан, қалаларға гастрольдік сапармен жіберу туралы тапсырмасы аясында сахналанған қойылымды тамашалауға аудан әкімі Азат Оралбаев қатысты. Түркістан музыкалық драма театрының ұжымын жаңа өнер туындысымен құттықтап,  Алғыс хат табыстады. Театрдың директоры Мырзахан Әлімханұлы өнерге деген құрметі үшін аудан жұртшылығына  ризашылығын білдірді.

Түркістан музыкалық драма театры алғаш рет сахналап отырған музыкалық комедия – Кеңес заманында Социалистік Еңбек ері Зылиха Тамшыбаеваға арнап жазылған шығарма. Заман талабына сай өзгертілген «Беу, қыздар-ай!» спектаклінде әлеуметтік желінің белең алуы, ауылдағы білікті мамандар тапшылығы, қыздарға өзіне лайық теңін табудың қиындығы сияқты келелі мәселелер көтерілген. Әйгілі шығарма театрдың жас актерлары мен балет әртістерінің актерлік шеберлігімен қайта жанданған. Спектакльді талантты, жас режиссер және композитор – Олжас Жақыпбек сахналаған. Ал театрдың көркемдік жетекшісі – Айнұр Көпбасарова, балетмейстер – Мадина Мұратбекова. Әзіл мен әнмен әдіптелген, махаббат тақырыбындағы «Беу, қыздар-ай» комедиясындағы қызыққа толы оқиғалар мен әсем әндер көрермен көңілінен шығып, ордабасылық театр сүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді. Әрбір сәт әзілмен өріліп, бүгінгі заманның өзекті мәселесін күлдіре отырып, көрерменге жеткізе білді.

Айта кетейік, «Аруы әсем ауданға» гастрольдік сапары Сайрам, Сарыағаш және Жетісай ауданында өтіп, Ордабасы ауданында қорытындыланып отыр.

ПІКІР ЖАЗУ