Ордабасы: жасыл желек ауылдың келбетін жаңарта түседі
Бүгін аудан әкімі Азат Оралбаев Жеңіс ауылдық округінде тұрғындармен есепті кездесу өткізді.
Есепті жиында аудан басшысы жаз айында өткен есепті кездесуде тұрғындар тарапынан көтерілген ұсыныс-пікірлердің шешілу жолдары бойынша баяндады.
Әрі «Ауыл аманаты» бағдарламасының ұтымды тұстары түсіндіріліп, тұрғындарды халықтың әл-ауқатын көтеруге арналған мемлекеттік бағдарламаға қатысуға шақырды.
Ауылдық округте жоспарға сәйкес өткен кездесуде ауыл шаруашылығы, коммуналдық саланы қамтыған жалпы 7 ұсыныс-пікір келіп түскен.
Кездесу барысында аудан әкімі Ө.Жәнібеков көшесіндегі қойылған жаңа бағаналарға электр желілерін қосу бойынша тұрғындар өтініші бойынша «Оңтүстік Жарық Транзит» мекемесінің келісімі негізінде бюджет есебінен орнатылған желілерін қосу жұмыстары желтоқсан айында іске асырылатынын жеткізді.
Сонымен қатар, Жамбыл көшесіндегі 305 шақырымдағы электр желілері мен ескі ағаш бағаналарды ауыстыру жұмыстары келесі жылға өтпелі екендігін айтып өтті.
Тұрғындар тарапынан көтерілген мәселенің бірі – ауыз су мұнарасына барар 3 шақырым жолға тас төсеу болатын. Қазіргі таңда аталған жоба бойынша МСА рәсімдері жүргізілуде.
Тұрғындар көтерген жеті мәселенің бірі ретінде аудан әкімі Дихан ауылына баратын 10 шақырым жолға асфальт төсеу, Жеңіс ауылынан балалар ойын алаңшасын салу жобалары келесі жылдың жоспарына енгендігін жеткізді.
Сондай-ақ, жеңістік шаруалардың түйіткілді мәселесі – жаз айларында ағын судан таршылық еді. Аудан басшысының айтуынша ауылдастардың осы мәселесін оңтайлы шешу үшін Р-6 каналында жүріп жатқан күрделі жөндеу жұмысына ауыл тұрғындарын бақылаушы ретінде қатстырып, нәтижесінде мердегер мекемеге 50 см арнаның жалын көтеру үшін ұсыныс енгізілді.
Бүгінде Жеңіс елді мекенін табиғи газбен қамту үшін аудан әкімдігі тарапынан 1 млрд. 531 млн. теңгеге ЖСҚ дайындалып, сараптама қорытындысы арқылы облысқа қаржы қаратуға ұсыныс енгізілген.
Есепті кездесулерде айтылған ауылдағы спорт кешенін салу ұсынысы бойынша округ әкімі аппараты ЖСҚ дайындап, аудандық бюджетке қаржы қарауға ұсыныс берілген. Ендігіде ауылдағы 80 соттық жерге ашық алаңша салу жоспарлануда.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары электр желілері, ауыл көшелерін ретке келтіру бойынша бірқатар сұрақтар қойып, аудан басшысынан қанағаттанарлық жауап алды.
Халықпен кездесуде аудан әкімі Азат Әбдіғалиұлы тұрғындарды ауыл әкімдігімен бірлесе отырып, ауылдың қас-келбетін реттеуге, жасылдандыруға шақырды.
Әрі ауылдың орталық көшелерінің арықтарына жүргізілген су жүйесінің, С.Сейфулин көшесіндегі жөндеу жұмыстары, ауыл мектебінің құрылысы мен қысқы жылу маусымындағы нақты жағдайын тексеріп көрді.
Ауылды аралу барысында округ әкіміне көше бойларын ағартау, тал егу, тазалық шаралары брйынша нақты тапсырма берді.