Ордабасы: Қарақұм ауылы екінші «Қарабұлаққа» айналып келеді

Бүгін аудан әкімінің халықпен есепті кездесу кестесіне сай Қарақұм ауылдық округінде халықпен кездесу өтті.

Есепті жиында аудан басшысы Азат Оралбаев ауылдық мәдениет үйінде тұрғындар тарапынан көтерілген ұсыныстар мен өзекті мәселелерге тоқталып, коммуналдық сала бойынша келіп түскен 4 ұсыныс-пікірге байланысты нақты жұмыстарды айтып берді.

«Өздеріңізге мәлім, кездесу барысында айтылған 2 мәселеден уақытылы оң нәтиже шығарылды. Қазіргі таңда ауылдағы К.Стаев көшесіне жол кедергісі қойылды. Ауылдағы қаңғыбас үй жануарларын аулап, жою іс-шаралары тұрақты жүргізілді», деді аудан әкімі өз сөзінде.

Бүгінде А.Молдағұлова және Т.Әубакиров көшесіне жарықшам орнатыу бойынша сметалық құжаттама әзірленіп, құрылыс жұмыстары 2025 жылға жоспарланса, жаңа құрылыс аумағындағы ұзындығы 8 шақырымды құрайтын көшелерге тас төсеу бойынша бюджеттен қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде.

Аудан әкімі қарақұмдықтармен кездесуде ауылдың алдағы уақытта шешімін табуды талап ететін бірнеше өзекті мәселесіне арнайы тоқталды.

Тарқатып айтар болсақ, елді мекен ішіндегі көшелерді Т.Рысқұлов-1,7 шақырым, К.Баймаханова-0,4 шақырым асфальттау бойынша құжаттамалары дайындалып, 2024-2025 жылдарға жоспарланды.

Сондай-ақ, ауыз судың кермектігін азайту үшін зерттеу, зерделеу жұмыстары жүргізіліп алдағы уақытта нақты шешу жолдары ұсынылмақ.

Ауылдың орталық Қ.Мұңайтпасов көшесінде 1,5 шақырым, Б.Досымов көшесінде 900 метр, Т.Әубәкіров көшесінде 800 метр аяқ жол салу бойынша 2024-2025 жылдарға жоспарлануда.

Есепті кездесуден соң аудан басшысы ауылдағы отбасылық мал бордақылау алаңдарын аралап, табысын еселеп отырған шаруалармен пікірлесті.

Бүгінде аталған ауылда 624 үй болса, соның 100-ге тартасы ата кәсіп – мал шаруашылығымен тұрақты түрде айналысуда. Ауыл әкімінің айтуынша жыл өткен сайын шаруашылықпен айналысушылардың қатары арта түсуде.

Қорада бордақыланған ірі қаралар облысы орталығы – Түркістан және Қарабұлақ базарларына ет өнімі ретінде саудалануда.

Аудан әкімі Азат Әбдіғалиұлы ауыл тұрғыны Нұрболат Дастанұлының 50 бастық ірі қара бордақылау алаңында болып, шаруашылық иесінің табыс көзіне қанықты.

Шаруақор азамат әрбір ірі қараны өздерінен өндірілген жем-шөп арқылы жемдеп, бір басынан 100-130 мың теңгеге дейін таза табыс табатынын жеткізді.

Аудан басшысы округ әкіміне ауыл шаруашылық саласындағы осы бағытты ауыл тұрғындары арасында кеңінен қолданып, мемлекеттік жеңілдетілген несие алу арқылы мал басын арттыруды тапсырды.

ПІКІР ЖАЗУ