Ордабасы: Темірланда дүркіреген айтыс өтті

Бүгін Ордабасы ауданының талантты ақын қызы Карима Оралованың 50 жас мерей тойына орай Темірландағы Мәдениет үйінде дүбірлі ақындар айтысы өтті.

Айтулы мәдени шараға аудан әкімі Азат Оралбаев арнайы қатысып, жерлесіміз, әйгілі айтыс ақынын мерейлі мерекесімен құттықтап, ықылас гүлі мен сый-құрмет көрсетті.

“Ауданымыздың түлегі, талай мәрте халықаралық, республикалық жыр додаларында топ жарып, көш бастаған айтыскер ақын, мақтанышымыз  Карима Оралованың 50 жылдық мерейтойы құтты болсын! Бұл реткі ақындар айтысының  тақырыбы да өзгеше. Себебі ұзақ жылдар айтыс сахнасында еліміздің, өңіріміздің намысын қорғап, айтыс аламанында өзіндік қолтаңбасы бар Карима Оралова әпкеміздің 50 жасқа толған мерей тойына арналып отыр. Осы орайда әйгілі айтыскер әпкемізге үлкен шығармашылық шабыт, мықты денсаулық тілеймін”, деді аудан әкімі өз құттықтауында.

Сөз аламанына Түркістан, Жамбыл облысы, Шымкент қаласынан, тіпті көршілес Өзбекстан мемлекетінен айтыскер ақындар қатысып,  халықтың ыстық ықыласына бөленді.

Сондай-ақ, айтулы айтысты  аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ғани Раймбеков, аудандық мәслихат депутаты Бейсенбай Сатыбалдиев және аудан тұрғындары тамашалады.

Азулы айтыскер ақындар Бекарыс Шойбеков, Нұрлан Есенқұлов, Анар Жаппарқұлова тағы басқа елге танымал ақындар айтыс сахнасында бақтарын сынады.

Керемет кеш соңында аудан басшылары жерлестерімізге  ұлттық өнерімізді паш еткен ақындарды марапаттап, құрмет көрсетті.

ПІКІР ЖАЗУ