Ордабасы: Шұбарсудың инфрақұрылым жүйелерін жаңарту жұмыстары уақытымен жүзеге асырылуда

Аудан әкімі Азат Оралбаевтың ауылдық округтердегі халықпен есепті кездесуі Шұбарсуда жалғасын тапты.

Шұбарсуы ауылдық Мәдениет үйінде өткен кездесуге аудан әкімдігінің құрылымдық бөлімдері, сала жауаптылары және ауыл тұрғындары қатысты.

Кездесуде аудан басшысы осыдан бұрынғы кездесулерде көтерілген мәселелерге тоқталып, ішкі орамдық көшелер, жер, қоғамдық көлік бойынша айтылған 8 сын-ескертпенің орындалу барысын баяндап өтті.

Тарқатып айтар болсақ, ауыл тұрғындарының талабы бойынша Ә.Омаров көшесі мен Сұлтан Бейбарыс көшелері аралығын қосатын Парасат көшесінің қиылысына қазан айында тас төселіп, кеңейтілсе, «Шымкент-Шұбарсу-Шымкент» аралығындағы қоғамдық көліктің бағыты 42-ші қиылыстан 50-ші қиылысқа дейін ұзартылған. Д.Қонаев көшесінің бойындағы М.Исламқұлов мектебінің алдындағы жаяу жүргіншілер өткеліне учаскелік полиция инспекторлары тарапынан тұрақты кезекшілік ұйымдастырылған.

Өздеріңізге мәлім, соңғы жылдары ауылдың инженерлік-инфрақұрылым жүйелерін жаңарту бойынша қарқынды жобалар жүзеге асырылуда.

Ауылдық округ аумағының кеңеюіне байланысты құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Аудан әкімдігі тарапынан шұбарсулықтарды толғандырған өзекті мәселелер бойынша бірқатар жұмыстар қолға алынды. Мәселен, ауылдың ішкі көшелеріне тас төсеу бағытында биыл ауыл округі бюджетінен 15 шқ-ға әлеуметтік маңыздылығы бар көшелерге тас төселді. Асфальт жабындысы төселген Қ.Қалметов көшесінің енін кеңейту бойынша сметалық құжаттама әзірленіп, құрылыс жұмыстары келесі жылы аяқталмақ.

Бірнеше жылдан бері ауыл тұрғындары Халыққа қызмет көрсету орталығын ашу туралы айтып келген. Қазіргі таңда Мәдениет үйі ғимаратының 1-ші қабатындағы               130 ш.м. орын бекітілген. Алда облыстық халыққа қызмет көрсету орталығынан штат мәселесін шешу бойынша оңды шешім келсе ХҚКО іске қосылмақ.

М.Исламкулов ЖОМ-нің ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу, «Атамекен» алабы мен «Медикал Центр» мед.орталықты жалғайтын Қызылжар көшесінен қоғамдық көлікті жүргізу бойынша жұмыстар келесі жылға өтпелі.

Айта кетерлігі, округ аумағын сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету, автомобиль жолдарын салу, таза ауыз сумен қамтужұмыстары 5 кезең бойынша жүзеге асырылса, табиғи газбен қамтуды 4 кезеңмен іске асыру жоспарланған.

Сонымен қатар аудан басшысы округтегі «Ауыл аманаты» бағдарламасының орындалу барысына тоқталып, 21-35 жас аралығындағы жастарды несиелендіру бағыты аясында бүгінгі күнге дейін 11 адам өтінім бергенін тілге тиек етіп, ауыл әкіміне осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруды жүктеді.

Есепті кездесуден соң Азат Әбдіғалиұлы аулдық округ аумағын аралап, қордаланған мәселелерді тұрғындармен кеңесіп, шешу жолдарын талқылады. Әрі, ауылда инженерлік-инфрақұрылым жүргізу бойынша құрылыс алаңдарын аралап, жұмыс барысын тексеріп шықты.

ПІКІР ЖАЗУ