Ордабасы: «САЛАМАТТЫ ҚАЗАҚСТАН» пойызы Бадам ауылында

ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен елімізде «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы шалғайдағы тұрғындарға биылғы сәуір айынан бастап қызмет көрсетіп келеді.

Бүгін аталған медициналық керуен ауданымыздың Бадам ауылдық округіне келіп тоқтады.

Тәуелсіз еліміздің орнықты әлеуметтік-демографикалық дамуын қамтамыз ету үшін Қазақстан азаматтарының денсаулығын жақсартуды мақсат еткен медициналық пойызды аудан әкімі Азат Оралбаев ауылдан арнайы күтіп алып, денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің жұмысына сәттілік тіледі.

Әрі ауыл тұрғындарын денсаулық шарасына белсене қатысып, профилактикалық тексерістерден өтуге шақырды.

Таңнан бастап ауыл тұрғындарына тегін медициналық, психологиялық, құқықтық және медиативтік көмек көрсетуде. Еліміздің барлық облысын аралап келе жатқан пойыз қызметі ауданымызда екі күнге жалғасады.

Шара барысында «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының бас дәрігері Айнұр Құдайбергенова тұрғындарға қызмет алу барысын түсіндірді.

8 вагоннан тұратын медициналық пойыз заманауи диагностикалық және медициналық жабдықтармен, шағын операциялық бөлмемен, зертхана, интернетке сымсыз қосылуға арналған байланыс құралдарымен жабдықталған. Медициналық пойызда терапевт, стоматолог, офтальмолог, лор дәрігері, хирург, уролог, маммолог, педиатр мамандары бар. Мұндағы білікті мамандардың 80 пайызы Астана қаласынан болса, 20 пайызы Алматы қаласынан.

Айта кетерлігі, аудан тұрғындардын қабылдау уақыты таңертеңгі сағат 9-дан кешкі сағат 6-ға дейін.

2013 жылдан бастап «Самұрық-Қазына Траст» және Әлеуметтік жобалар қоры «Қазақстан темір жолы» АҚ-ы Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп ауқымды «Саламатты Қазақстан» атты әлеуметтік жобаны жүзеге асырып келеді.

ПІКІР ЖАЗУ