Ордабасы: өнім өндірушілерге қолайлы шарт-жағдай жасалады
Бүгін аудан әкімі Азат Оралбаевтың төрағалығымен инвестициялық штабтың кезекті отырысы өтті. Отырыста аудандағы өнідірістік орындардың қазіргі жағдайы, ондағы инфрақұрылым мәселесі қаралып, Ордабасының өндірісітік брендін қалыптастыру, дамыту және жаңа жобалар мен олардың өзекті мәселелері талқыланды.
Басқосуға бөлім басшылары және ауылдық округ әкімдері, жеке кәсіпкерлер мен инвесторлар қатысты.
Жиында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізіне іргелес 10 гектар аумақтан өз кәсібін ашуға ниетті аудан кәсіпкерлермен, ауыл азаматтарымен өзара пікірлесіп, әкімдік тарапынан көрсетілетін қолдау жағы түсіндірілді.
«Өткендегі облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының ұйымдастыруымен Қытайға барған сапарымызда ондағы аудан-қалалар іргесінде шоғырланған шағын өндіріс ошақтарымен танысқан болатынбыз. Сол жобаны ауданымыздың шарт-жағдайына сәйкес жүзеге асыру үшін Шұбар ауылдық округі аумағынан 10 гектар аумақты арнайы өндіріс аймағы ретінде белгіледік. Ендігі мақсат – өндіріспен айналысуға қажетті жобасы мен қаржысы бар азаматтарға сол аумақтан тегін жер телімін беру арқылы жергілікті тауар өндірушілердің қатарын көбейту. Осы арқылы ауданымыздағы жұмыссыздық деңгейін төмендету», деді аудан әкімі штаб отырысында сөйлеген сөзінде.
Аудандық Кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Фатима Ташимова 10 гектар алқапты құрайтын арнайы өндіріс аймағында кәсіп бастауға ниетті азаматтардың жобаларымен таныстырды.
Салалық бөлім басшысының хабарлауынша, қазіргі таңда ауылдық округтерден 18 өтінім келіп түскен. Жобалардың дені құрылыс өнімдері, тамақ өндірісі, тұрмыстық химия саласына басымдық берілген.
Кездесу барысында қатысушылар тарапынан бизнес жоба болғанмен қаржылық қуаты әліде өндіріс орнын дөңгелетіп алып кетуге қауқарсыз екендігі де айтылды.
Өз кезегінде аудан басшысы жиын қатысушыларына 2024 жылы кәсіп бастауға қолдау көрсететін мемлекеттік бағдарламалар арқылы өз кәсібін ашуға қолдау көрсетілетіндігін жеткізді.
Сондай-ақ, аудан әкімі Азат Әбдіғалиұлы аудандық Кәсіпкерлік бөліміне алдағы уақытта ауданның барлық кәсіпкерлерінің басын қосып, бизнес саласындағы мәселелерді кең ауқымда бірлесіп талқылайтын ашық платформа ұйымдастыруды жүктеді. Әрі ауданға шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында жұмыстарды жандандыруды тапсырды.