Сарыағаш: ауыл шаруашылығы саласының үздіктері марапатталды
Ауданда «Алтын күз-2023» ауыл шаруашылығы саласын қорытындылаған жиыны салтанатты түрде аталып өтті. Жиынға аудан әкімі Арман Абдуллаев, аудан әкімінің орынбасары Н.Талипов, облыстық мәслихат депутаты А.Салимов, аудандық мәслихат депутаттары, сала мамандары және аудан тұрғындары қатысты.
Оның аясында ерте көктемнен қара күзге дейін дала төсінде тер төгіп еңбек еткен жергілікті дихан қауымының өнімдері және аталған салада жүрген кәсіп иелерінің азық-түлік жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Күзгі жиын-терім науқанының қорытынды көрсеткіші айқындалатын мерекеде аудан әкімі Арман Абдуллаев құттықтау сөз алып, жыл бойы адал еңбегімен өз саласында жетістікке жеткен, мол өнім алып ауылдастарға үлгі болған үздік шаруа қожалықтарын, үздік ауылдық округ әкімдерін және үздік сала мамандарын марапаттады.
– Сіздерді, күздің молшылығымен бірге келетін дәстүрлі «Алтын күз» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Күз мезгілі – шаруалар үшін еселей сіңірген еңбектің нәтижесін көріп, табиғаттың сарқылмас сыйының жемісін жинайтын тамаша кезең. Сондықтан болар, «Алтын күз» – алқап басында тер төккен ауыл еңбеккерлерінің мерекесі болып саналады. Халықтың әл-ауқаты мен өмір сапасының жақсы болуы ауыл шаруашылығының дамуымен тығыз байланысты болса, СІЗДЕРДІҢ еңбектеріңіздің арқасында ауданның агроөнеркәсіп кешені тұрақты дамып келеді. Аудан экономикасының негізін ауыл шаруашылығы құрайтынын ескерсек, аграрлы сектордағы жетістіктеріміз аудан еңбеккерлерінің ортақ жеңісі деп білемін-, деді құттықтау сөзінде аудан басшысы.
Сондай-ақ, аудандық мәслихаттың төрағасы С.Тасқұлов құттықтау сөз сөйлеп, бірқатар азаматтарға алғыс хат табыс етті. Салтанатты іс-шара соңы аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.
Айта кетсек, ағымдағы жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде агроөнеркәсіп кешенінде экономикалық өсім қамтамасыз етіліп, жиын терім маусымын жоғары аяқтады деуге толық негіз бар. Өткен жылмен салыстырғанда ауыл шаруашылығы негізгі капиталына 8,4 млрд теңге инвестиция тартылып, 134.,3 пайызға ұлғайды. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 111,1 млрд теңгені құрап, облыстағы үлесі 10,8 пайызды құрады.