Ордабасы: индикаторлық көрсеткіштерді артығымен орындау міндеттеледі
Бүгін аудан әкімі Азат Оралбаевтың төрағалығымен апталық аппараттық мәжіліс өтті. Мәжілістің күн тәртібінде инфрақұрылым жүйесімен қамту бойынша жыл соңына дейін тапсырылатын нысандар және алдағы жоспар, бюджет қаржысының атқарылуы және әлеуметтік-экономикалық даму индикаторлық көрсеткіштерінің жыл қорытындысымен орындалу болжамы, ортақ жайылым жер аумағын ұлғайту және нысаналы мақсатына сай пайдаланылмай жатқан жер телімдерін қайтару мәселесі талқыланды.
Әуелі аудандық Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылары көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Арман Искаковтың есебі тыңдалды. Бөлім басшысы ауыл, елді мекендерді газдандыру, ауыз сумен қамту бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталып, жыл соңына дейін пайдалануға берілетін нысандар туралы мәлімет беріп өтті.
Аудан әкімі газ, ауыз су жүйелері жүргізілген ауылдық округ әкімдеріне абонентке қосу жұмыстарын тікелей қадағалауға алып, көрсеткішті толық орындауын жүктеді. Әрі бөлім басшысына жыл соңына дейін ауыз су, көгілдір отынмен қамтылатын ауылдардағы құрылыс нысандарын аралап, пайдалануға беру мерзімін жеделдетуді апсырды.
Алқалы жиында аудандық Экономика және қаржы бөлімінің басшысы Алтынай Сихымбаева бюджет қаржысының атқарылуы бойынша баяндаса, Кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Патима Ташимова, Құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Талғат Омарқұлов салалық индикаторларлық көрсеткіштердің жыл қорытындысымен орындалу болжамына тоқталды.
Алтынай Әуесханқызының хабарлауынша аудан бюджеті кірістерінің орындалмаған салық түрлері бойынша Қажымұқан, Шұбар, Шұбарсу, Төркүл ауылдық округтерінде көрсеткіштің төмен екендігін баяндады.
Өз кезегінде аудан басшысы салық түсімдері бойынша жылдық межені толығымен орындауды міндеттеді.
Аудандық Құрылыс бөлімінің биылғы жоспары 13 млрд, 494 млн, теңге болса, 10 айдың қорытындысымен 10 млрд, 647 млн, теңгені құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 4,3 пайызға өскен. Жыл соңына дейін жоспар толығымен орындалады деп күтілуде.
Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Берік Алтынбеков ортақ жайылым жер аумағын ұлғайту және нысаналы мақсатына сай пайдаланылмай жатқан жер телімдерін қайтару бойынша айтып берді.
Бөлім басшысының айтуынша биыл аудандағы ортақ жайылым көлемін 8700 гектарға ұлғайту жоспары қойылған. Бүгінгі таңда бөлім тарапынан жоспарды толық орындауға жұмыстар жүргізілуде.
Аудан әкімі бөлім тарапынан бұл бағыттағы жұмыстарды жандандырып, мақсатты пайдаланылмай жатқан жер телімдерін аудан қорына қайтару жағын қадағалауды тапсырды.
Сондай-ақ апталық мәжілісте мерзімді басылымдарға жазылым, салық түсімдері, төтенше жағдай, қысқа дайындық жұмыстары бойынша сала жауаптылары аудан әкіміне қысқаша мәлімет берді.Аудан әкімі Азат Әбдіғалиұлы әкімдік қызметкерлеріне барлық ресурсты пайдаланып, жыл соңына дейін ауданның индикаторлық көрсеткішінің деңгейін жоғары көтеруге шақырды.