Ордабасы: ерекше құс – қырғауылды кәсіпке айналдырған кәсіпкер келіншек
Қырғауылдың жалпы дене тұрқы тауыққа ұқсас келеді. Тек бір айырмашылығы тауыққа қарағанда құйрық жүндерінің әлдеқайда ұзын келетіндігі. Құстардың ішінде ең әдемілерінің бірі де осы қырғауыл. Ол оңтүстікте кездесетін құс.
Ордабасылық келіншек құстың ерекше әрі сұлу түрі — қырғауылды қолда өсіріп жатыр. Гүлдананың құстарға деген сүйіспеншілігі кәсіп ашуына себеп болыпты. «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша оқып, ерекше жобасын қорғап шыққан. Биыл көктемде мемлекеттен қайтарымсыз несие алып көптеген ойында жүрген ісін бастап кетіпті. Кәсіпкеріміздің негізгі мамандығы бағдарламашы. Келіншектің бұл бастамасына отбасы түгел қолдау білдірген. Еңбекқор келіншек кәсібіне кіріспес бұрын ғаламтордан, түрлі дерек көздерінен қырғауыл құйрықты құстың ерекшелігін, қыр-сырын, оны күтіп баптау әдістерін толық зерттеп шыққанын айтады. Сосын мемлекеттік «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша оқып, сертификат алған.
Мемлекеттен алған қаржысына көптен көздеп жүрген инкубатор мен 3 брудер, екі аккумулятор және бір генератор құрылғыларын сатып алған. Себебі, жарық сөніп қалса генератор көмегімен тоқ береді. Құстар өте нәзік келеді. Сондықтан да инкубаторға жұмыртқа салған соң белгілі бір температурада үздіксіз жұмыс істеуі керек. Кәсіпкер келіншек құрылғының ылғалдығы мен уақытын да бақылауда ұстап, күнкөрісіне жарап тұрған құстарына ерекше баппен қарайды.Бастапқыда отыз шақты қырғауыл сатып алып, кәсібін бастаған келіншектің қазір олардың саны 300-ден асып кеткенін қуанышпен айтады. Былай бір қарағанда оп-оңай көбейе салғандай көрінгенмен, олардың көбею жолы өте нәзік, кірпияз. Әр сағат, әр күн сайын мұқият бақылауды, көзден таса қылмауды талап етеді. Балапандар арнайы инкубаторда жұмыртқа жарып шығады. Ерте көктемнен күзге дейін жұмыртқалайтыны кеткен шығынды екі еселеп өтейтінін атап өтіп, қазіргі таңда қырғауылға сұраныс артқанында тілге тиек етті.
Жалпы жеке кәсіп ашып пайда тапқысы келетін жандарға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау көп. Тағы бір қуаныштысы биылдан бастап берілетін қайтарымсыз несиенің қаржы көлемі де артқан. Соның арқасында ауданда шағын және орта бизнес саны артып келеді. Әсіресе, бұл бастама ауыл келіншектерін қызықтырып отыр. Түрлі жобалар ұсынып, өздерінің сүйікті істерінің арқасында отбасын асырап жүр.